Бұрынғы дипломат Сәкен Мамаш жұбайы Карина Госманды азаптағаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды.
«Сот Мамаш Сәкенді Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде алты жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қылмыстық кодекстің 49-бабына сәйкес Мамашты бірінші дәрежелі кеңесші дипломатиялық дәрежесінен айыру туралы шешім қабылданды», – деп үкімді оқыды Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Артур Абдыханов.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 2024 жылдың мамырында Сәкен Мамаштың бұрынғы жұбайы Карина Госман әлеуметтік желілерде он жыл бойы физикалық, сексуалдық және эмоциялық зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, өзі, балалары және туыстары қауіпте болған.