Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Қазақстанның бірқатар өңірінде қар жауып, 8 градусқа дейін үсік жүреді

Қазақстанның бірқатар өңірінде қар жауып, 8 градусқа дейін үсік жүреді

Бүгін, 2 қарашада Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы құбылады. Елдің солтүстігі мен шығысында жаңбыр аралас қар жауып, кей аймақтарда жел күшейеді. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарда түнгі температура төмендеп, үсік жүруі мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.

Синоптиктердің болжамынша, дүйсенбі күні еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Дегенмен солтүстік, шығыс өңірлерде және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында жаңбыр мен қар жаууы ықтимал.

Сонымен қатар елдің солтүстігі мен оңтүстік-шығысында жел күшейеді. Түнгі және таңғы уақытта кей жерлерде тұман түсіп, жолдағы көріну қашықтығы төмендеуі мүмкін.

2 қарашада Алматы, Жетісу және Қызылорда облыстарының тұрғындарына ауа температурасының төмендеуіне байланысты ескерту жасалды.

Атап айтқанда, Алматы облысында түнде 1–6 градус, Қызылорда облысында 1–6 градус, ал Жетісу облысында 3–8 градус суық болуы мүмкін.

Талдықорғанда түнгі температура 6–8 градусқа дейін төмендейді деп болжанып отыр.

Солтүстік Қазақстан облысының солтүстік және шығыс аудандарында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Кей жерлерде көктайғақ болып, желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетуі мүмкін.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында және таулы аудандарында да жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ болуы ықтимал.

Павлодар облысының жекелеген аудандарында тұман түсіп, күндіз жел екпіні секундына 15–18 метрге дейін күшейеді.

Ал Жетісу облысындағы Алакөл көлдері маңында желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін жетуі мүмкін.

Жауын-шашын мен суық ауа райына қарамастан, Қазақстанның кейбір аймақтарында өрт қаупі жоғары болып отыр.

Атап айтқанда, Қызылорда мен Атырау облыстарында, сондай-ақ Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау және Жетісу облыстарының жекелеген аудандарында төтенше өрт қаупі сақталады.

Ал Батыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Алматы, Түркістан және өзге де бірқатар облыстың кей аумақтарында өрт қаупі жоғары деңгейде болады.