Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Астанада жолдар жабылып, әскери ұшақтар ұшады: Тұрғындарға маңызды ескерту жасалды

Астанада жолдар жабылып, әскери ұшақтар ұшады: Тұрғындарға маңызды ескерту жасалды
Фото: NurPhoto/Getty Images

Астанада 5-7 қараша аралығында бірқатар көшеде көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Сонымен қатар 1 қарашадан бастап елорда аспанында әскери авиацияның оқу-жаттығу ұшулары өтеді. Бұл туралы Қазақстанның Мемлекеттік күзет қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекеттік күзет қызметінің мәліметінше, шектеулер елордада өтетін халықаралық деңгейдегі саяси іс-шараларға байланысты енгізілмек.

Ауқымды кездесулер кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында арнайы мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары және Қазақстан Қарулы күштері жұмылдырылады.

Астанада қандай күндері жолдар жабылады?

Ведомствоның хабарлауынша, 2026 жылғы 5–7 қараша аралығында елорданың жекелеген көшелерінде автокөліктердің қозғалысына уақытша шектеулер қойылады.

"Астана қаласында бірқатар ауқымды халықаралық саяси іс-шаралар өткізілуіне байланысты 2026 жылғы 5–7 қарашада қала көшелерінің жекелеген бөлігінде көлік құралдарының жүруіне уақытша шектеу қойылады", – делінген ресми хабарламада.

Әзірге көлік қозғалысы шектелетін көшелердің нақты тізімі мен шектеулердің сағат нешеден нешеге дейін жалғасатыны жарияланған жоқ.

Сондықтан жүргізушілерге алдағы күндері жолға шығар алдында қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлау ұсынылады.

Елорда аспанында әскери ұшақтар жаттығады

Мемлекеттік күзет қызметі 1 қарашадан бастап Астананың әуе кеңістігінде әскери авиацияның оқу-жаттығу ұшулары жоспарланғанын да хабарлады.

Бұл шаралар халықаралық саяси кездесулердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған дайындық жұмыстарының бір бөлігі болып саналады. Оқу-жаттығуға қандай әскери ұшақтар қатысатыны және олардың ұшу кестесі туралы қосымша ақпарат берілген жоқ.

Мемлекеттік күзет қызметі тұрғындарға үндеу жасады

Ведомство қала тұрғындары мен қонақтарынан алдағы уақытша шектеулер мен қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауды сұрады.

"Елорда тұрғындары мен қонақтарынан халықаралық деңгейдегі маңызды оқиға уақытында өткізілетін қауіпсіздікті қорғау шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз»" – делінген хабарламада.

Қала тұрғындарына көлік қозғалысындағы өзгерістерді ескеріп, қажет болған жағдайда балама бағыттарды пайдаланған жөн.