Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Алматыда екі қабатты кафеден өрт шықты

Алматыда екі қабатты кафеден өрт шықты
Видеодан кадр: ТЖМ

Алматыда екі қабатты кафе ғимаратынан өрт шығып, жалын көршілес нысанға таралу қаупін тудырды. Өрт сөндірушілер қызыл жалынның арасынан алты оттегі баллонын алып шығып, ықтимал жарылыстың алдын алды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға бүгін, 1 қараша күні таңертең Алматы қаласының Түрксіб ауданында болған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт туралы хабар түскен бойда оқиға орнына құтқарушылар жіберілген. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде екі қабатты ғимараттың шатыры ашық жалынға оранып жатқан.

"Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жедел жетті. Алғашқы бөлімшелер келген сәтте ғимараттың шатыры ашық жалынға оранған. Барлау барысында қосалқы бөлме мен шатырдың жанып жатқаны анықталды", – делінген ТЖМ хабарламасында.

Құтқарушылар ғимаратты тексеру барысында өрттің қосалқы бөлме мен шатыр аумағын шарпығанын анықтаған. Жалынның көршілес орналасқан ғимаратқа таралу қаупі болғандықтан, өрт сөндірушілер бір мезгілде бірнеше бағытта жұмыс жүргізген.

Өртті сөндіру кезінде құтқарушылар жану аймағынан көлемі әртүрлі алты оттегі баллонын алып шыққан. Бұл әрекет баллондардың қызуынан туындауы мүмкін жарылыс қаупінің алдын алуға мүмкіндік берді.