Logo
Іздеу
Айдарлар

Наркоимперия құрған 65 жастағы гангстер-әже ұсталды

/
Наркоимперия құрған 65 жастағы гангстер-әже ұсталды
Фото: ашық дереккөзден алынды

Ұлыбританияда 65 жастағы Дебора Мэйсон, жұртқа «Гангста Деббс» лақап атымен танылған, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол бүкіл отбасымен бірге есірткі империясын құрып, ел аумағында бір тоннадан астам кокаин саудалаған.

Тергеу деректеріне сүйенсек, Дебора бастаған қылмыстық топ небәрі жеті айдың ішінде елге бір тоннадан астам кокаин жеткізген. Наркоимперия айналымы 80 миллион фунт стерлингке жеткен (шамамен 108 миллион доллар). Бұл — Ұлыбританияда есірткі бизнесі бойынша соңғы жылдардағы ең ауқымды істердің бірі.

Қылмыстық әрекетке Дебораның төрт баласы, әпкесі және тағы бірнеше туысы тартылған. Олардың әрқайсысы 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Жедел тергеу барысында Metropolitan Police мүшелері барлық күдіктілерді қолға түсіріп, желінің толық құрылымын ашты.

Дебора Мэйсон және онымен бірге жақтас болған туыстарының фотосы. Фото: BBC.news 

Қылмыстық жолмен табылған қаражат сән-салтанатқа жұмсалған: дизайнерлік киімдер мен сөмкелер, люкс брендтердің ыдыстары, тіпті Мэйсонның мысығына арналған Gucci қарғыбауы. Бұл отбасының есірткі саудасын бизнес емес, өмір салтына айналдырғанын көрсетеді.

Metropolitan Police бұл істі Ұлыбританиядағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестегі маңызды жетістік деп бағалады. Дебора Мэйсон мен оның отбасының түрмеге қамалуы — елдегі есірткі желілеріне соққы болып отыр. Дегенмен, бұл оқиға отбасылық құрылым да қылмыс құралына айнала алатынын көрсетті.