Logo
Іздеу
Айдарлар

Жолда адасып, өзіне-өзі депортация жасап алған жігіттің оқиғасы

/
Жолда адасып, өзіне-өзі депортация жасап алған жігіттің оқиғасы
Фото: ашық дереккөзден алынды

30 жастағы Эрик Гернандестің өмірі небәрі бір қате бұрылыста толығымен өзгеріп кетті. Ол күнделікті тіршілігін жасап жүрген, сотталмаған, салық төлейтін, АҚШ азаматымен заңды некеде тұратын, болашақ әке болатын азамат еді. Бірақ бір сәттік адасу – оны отбасынан, жұмысынан, елінен айырып тынды.

Оқиға Сан-Диего маңындағы I-5 трассасында болды. Гернандес қажетті съезден өтіп кетіп, байқамай Мексика шекарасына апаратын жолаққа түсіп кеткен. Кері бұрылуға мүмкіндік болмаған. Шекараны өткесін, қайта кіру мүмкін емес екені белгілі болды.

Эрик – DACA бағдарламасына қатысушы. Бұл – бала кезінде АҚШ-қа заңсыз жеткізілген, бірақ елде қалуға рұқсат алған жастарға арналған федералдық бастама. Бағдарлама депортациядан қорғайды, жұмыс істеуге мүмкіндік береді, бірақ елден рұқсатсыз шықсаң – бәрінен айырыласың. Міне, Гернандес те дәл осы ережеге сүрінді.

Заңда бірде-бір ескерту жоқ: ол қасақана шықты ма, әлде адасып кетті ме – ешқандай айырмашылық қарастырылмаған.

«Ол қылмыс жасаған жоқ. Ол тек жолды шатастырды. Бірақ бұл – оны азаматтықтан, жұмыс құқығынан және туған баласының жаныңда болуынан айырды. Бұл – абсурд, адамгершілікке жат және логикаға қарсы нәрсе», – дейді адвокаты.

Үстіне түскен ауыртпалық аздай, Гернандестің айтуынша, мексикалық шекара қызметкерлері одан пара талап еткен. Бұл деректі АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы (FBI) тергеп жатыр.