АҚШ үкіметі Бельгияның Гел қаласында сақтаулы тұрған шамамен 10 миллион долларлық контрацептивтер партиясын жоюды жоспарлап отыр. Бұл туралы Reuters агенттігі 24 шілде күні хабарлады.
Жойылуы тиіс контрацептивтерге имплантаттар, таблеткалар және жатырішілік спиральдар кіреді. Олар Америка Құрама Штаттарының халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы табысы төмен елдерге арнап америкалық салық төлеушілердің қаражатына сатып алынған болатын. Препараттар 2024 жылдың қаңтарында Еуропаға жеткізілгенімен, оларды шетелдік ұйымдарға тарату «Мехико саясатының» кесірінен тоқтатылған.
«Мехико саясаты» (Mexico City Policy) — АҚШ-тың бұрынғы президенттері енгізіп, кейін кейбірі алып тастаған идеологиялық негіздегі саясат. Ол АҚШ үкіметінің қаражаты абортпен айналысатын немесе абортты насихаттайтын шетелдік ұйымдарға тікелей де, жанама да берілуіне тыйым салады. Осы талаптарға сай болмағандықтан, USAID бұл контрацептивтерді таратудан бас тартқан.
Контрацептивтер қаптамасында USAID логотипі болғандықтан, олар аборт қызметтерімен айналысатын ұйымдардың қолына түсіп кетуі мүмкін деген қауіппен АҚШ билігі оларды пайдалануға рұқсат бермеді.
Препараттар Франциядағы арнайы қондырғыда өртеледі, ал бұл АҚШ бюджетінен қосымша 167 мың доллар шығын талап етеді.
БҰҰ құрылымдары мен бірқатар ҮЕҰ (UNFPA, MSI Reproductive Choices) бұл препараттарды өз есебінен жеткізуге немесе сатып алуға дайын болған. Алайда АҚШ билігі бұл ұсыныстарды қабылдамады.