Ресейдің Рязань облысында сот арнайы әскери операцияға (СВО) қатысушы Георгий Костырконың жесірі Ангелинаны барлық әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктерден айырды. Шешім марқұмның өмірден өтер алдында ажырасу процесін бастағанына байланысты қабылданған. Бұл Ресейдегі алғашқы осындай прецедент ретінде тіркелді.
Георгий мен Ангелина әлеуметтік желілерде танысып, бірнеше рет кездескен соң, СВО-ға аттанған. Бір жылдың ішінде ол бірнеше мәрте демалысқа келіп, қызға қымбат сыйлықтар жасап тұрған. 2024 жылдың тамызында, танысқандарына он ай өткен соң, Ангелинаның талабымен жұп үйлену тойын жасаған. Георгийдің туыстары бұл некеге қарсы болған.
Той мен оған дайындыққа 3 миллион рубльден астам қаржы кеткен. Барлық шығынды Георгий СВО кезінде тапқан ақшасымен жапқан. Жас келіншекке тойда сыйлық ретінде жаңа Jetour көлігі берілген. Көлік несиесі Ангелинаның анасының атына рәсімделіп, оны төлеуді Георгий өз мойнына алған.
Алайда бірнеше аптадан соң Ангелина Сочиде басқа ер адаммен демалып жүргені анықталып, кейін ашық түрде жаңа қарым-қатынасын жария еткен. Бұл туралы естіген Георгий анасынан ажырасу процесін бастауын сұраған және өзі штурмдық бөлімге ауысқан.
Ажырасу рәсімі екі айға созылған. Ангелина келісім бермей жүріп, ақыры 2025 жылғы 25 наурызда сот жұпты ресми түрде ажырастырған. Бірақ Георгий 9 наурызда ұрыс кезінде қаза тапқан. Бұған қарамастан, бұрынғы әйелі дереу төлемдерге өтініш беріп, 14 наурызда ажырасуға қарсы апелляция түсірген.
Сот Ангелинаның әрекетін «ерлікпен қаза тапқан жауынгердің жұбайына тән емес» деп бағалап, оны барлық төлемдер мен жеңілдіктерден айырды. Георгийдің анасы енді бұрынғы келініне жала жапқаны және жалған куәлік бергені үшін сотқа арыз түсірмек.
Сот шешіміне сәйкес, барлық қаржы төлемдері Георгийдің анасына беріледі.