Швейцарияның Женева қаласында өтіп жатқан Парламент спикерлерінің дүниежүзілік конференциясына Ресей делегациясының қатысуы халықаралық қоғамдастықтың алаңдаушылығын туғызды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ресейлік делегация құрамында Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко, Мемдуманың төраға орынбасары Петр Толстой және ЛДПР төрағасы Леонид Слуцкий бар. Айта кетерлігі, бұл үш саясаткер де Еуропалық Одақтың санкция тізіміне енгізілген тұлғалар.
Соған қарамастан, Швейцария аталған тұлғалардың елге кіруіне рұқсат беріп, Италия олардың ұшағының әуе кеңістігін пайдалануға келісім жасаған. Бұл жағдай Батыстың Мәскеуге қарсы ұстанған оқшаулау және қысым саясатының әлсіреуіне әкелуі мүмкін деген алаңдаушылық туғызды.
Кей сарапшылар бұл жағдайды Кремль режимінің Батыс елдерінде біртіндеп "нормализациялануының" мысалы ретінде бағалап отыр. Олар, егер мұндай тұлғалар бір рет халықаралық алаңда сөз алса, бұл келесі жолы да қайталануы әбден мүмкін екенін ескертеді.