Үкімет отырысында Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов медицина саласындағы кадр жетіспеушілігі мәселесін көтеріп, оны шешу тетіктеріне нақты жауап талап етті.
– Сіз кадр тапшылығын атап өттіңіз. Бұл мәселені нақты қалай шешпекпіз? – деп сауал жолдады Үкімет басшысы.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтуынша, 2024 жылы медициналық кадрларды тарту мен қолдауға арналған бірқатар шаралар қабылданған.
– Денсаулық сақтау жүйесін кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында 100 ең төменгі жалақы көлемінде қаржы бөлу қарастырылған. Сонымен қатар, ауылдарға барып жұмыс істейтін жас мамандарға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға арналған бюджеттік несиелер көлемі артты. Мұндай несиенің мөлшерлемесі небәрі 0,01 пайызды құрайды. Бұл – біз үшін маңызды қолдау шарасы, – деді министр.
Сонымен қатар, ол медицина қызметкерлерінің балаларына балабақшаға кезексіз қабылдану құқығы берілетінін айтты.
– Барлық әлеуметтік қолдау шаралары заңда көзделген. Алайда бұл қолдаудың нақты іске асуы үшін жергілікті атқарушы органдар медицина қызметкерлеріне басымдық беруді қамтамасыз етуі тиіс, – деп қосты Әлназарова.