Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Денсаулық

Министр Әлназарова Ақтаудағы жанжалға қатысты пікір білдірді

Министр Әлназарова Ақтаудағы жанжалға қатысты пікір білдірді
Ақмарал Әлназарова. Фото: Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайты

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақтауда балалар хирургіне жасалған шабуылға қатысты түсініктеме берді. Министрдің айтуынша, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған және тергеу барысында дәрігер мен баланың ата-анасының әрекеттеріне құқықтық баға беріледі, деп хабарлайды Arasha.kz.

Үкіметте өткен брифинг барысында журналистер министрден Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасында болған жанжал туралы сұрады. Атап айтқанда, медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаның күшейтілуі науқастардың өз құқықтарын қорғауына кедергі келтірмей ме деген мәселе көтерілді.

Бұған жауап берген Ақмарал Әлназарова дәрігерге жұмыс орнында күш қолдануға жол беруге болмайтынын айтты.

"Қызметін атқарып жатқан азаматты біреу келіп, ұрып-соғып, жұлқылап жатса, соны өзіңіз дұрыс көресіз бе?" – деді министр.

Министрдің айтуынша, биыл медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер күшіне енген. Президент тапсырмасы аясында дәрігерлерге шабуыл жасағаны үшін жауапкершілік қатаңдатылған.

"Президенттің тікелей тапсырмасының аясында биыл жауапкершілікті күшейтуге байланысты заңға қол қойылды. Сәуірден бастап бұл норма күшіне енді. Қазақстан бойынша 50-ге жуық осындай қылмыстық істер қозғалды", – деді Әлназарова.

Ол денсаулық сақтау саласының басты міндеті халыққа сапалы медициналық көмек көрсету екенін атап өтті. Сонымен қатар дәрігердің әрекетінде заң бұзушылық анықталса, оның да жауапкершілігі қарастырылуы мүмкін екенін жеткізді.

Ақмарал Әлназарова Ақтаудағы оқиғаға қатысты қосымша мәліметтерді де жариялады. Оның айтуынша, науқас баланың ата-анасы кем дегенде екі рет стационарлық емдеуді жалғастырудан бас тартқан.

"Олар қолхат жазып, баласын алып кеткен, кейін баласын үшінші рет әкелген. Ең алдымен бала туралы ойлау керек", – деді министр.

Әлназарова бұл жағдайға қатысты асығыс қорытынды жасауға болмайтынын айтты.

"Қылмыстық іс қозғалды және тараптардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Мен ата-ананы да, дәрігерлерді де ақтауға немесе қаралауға тырысып отырған жоқпын. Бәрі заң аясында болады", – деп мәлімдеді ол.

Ақтауда дәрігерге не болды?

Еске салайық, 31 қазанда Ақтаудағы Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде жанжал болған. Медициналық мекеменің мәліметінше, келушілердің бірі балалар хирургі Қанат Исмаилға шабуыл жасап, оны мойнынан қылқындырған.

Аурухана өкілдері дәрігер баланы тексеріп, нәтижесін әкесіне түсіндіріп жатқан кезде ер адамның күш қолданғанын хабарлаған. Ал баланың әкесі оқиғаға қатысты өз нұсқасын жариялап, ұлының денсаулығына алаңдағанын айтқан. Оның сөзінше, дәрігермен арадағы түсініспеушілік медициналық көмек көрсету мәселесіне байланысты туындаған.