Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Денсаулық

Шымкентте сушиге тапсырыс берген отбасы ауруханаға түсті

Шымкентте сушиге тапсырыс берген отбасы ауруханаға түсті
Суши. Көрнекі фото: pixabay.com

Шымкентте жеке сатушыдан сушиге тапсырыс берген бір отбасының бірнеше мүшесі жедел ішек инфекциясымен ауруханаға түскен, деп хабарлайды Arasha.kz.

Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері қалада жедел ішек инфекциясының бес топтық жағдайы тіркелген.

Мамандар мұндай жағдайларға жеке гигиенаны сақтамау, тағамды дұрыс сақтамау, температуралық режимнің бұзылуы және алдын ала дайындалған өнімдерді пайдалану себеп болуы мүмкін екенін айтады.

"Олардың бәрі өз бетінше ашылған жеке тамақ сату нүктелерінде дайындалып, тапсырыс бойынша жеткізетін жеке тұлғалардан суши алдырған. Нәтижесінде жедел ішек инфекциясымен ауру жағдайлары тіркелді", – деді Шымкент қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.

Мамандардың айтуынша, тағам жеке сатушыдан алынған жағдайда оның қай жерде және қандай санитариялық жағдайда дайындалғанын анықтау қиын болуы мүмкін.

Сондай-ақ ыдыс-аяқтың дұрыс жуылмауы, өнімдердің белгіленген температурада сақталмауы және тағам дайындаған адамның санитариялық талаптарды сақтамауы да қауіп тудыруы ықтимал.

Егер дайын тағамды жегеннен кейін денсаулық нашарласа, мамандар дереу медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Сонымен қатар тағамды сатып алғанын растайтын чек, сатушымен хат алмасу, қаптама, фото немесе видео және медициналық құжаттарды сақтап қойған жөн.

Зардап шеккендер қажет болған жағдайда тұрғылықты жері бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жүгіне алады.