Logo
Іздеу
Айдарлар

Қазақстанда дәрігерлерге қарағанда коучтар көп ақша табады – саяси кеңесші

/
Қазақстанда дәрігерлерге қарағанда коучтар көп ақша табады – саяси кеңесші
Фото: коллаж arasha.kz

АҚШ-та тұратын қазақстандық саяси кеңесші Дина Шайхислам әлеуметтік желідегі жазбасында АҚШ пен Қазақстандағы медицина жүйесін салыстырып, отандық дәрігерлердің еңбегін қорғап сөйледі. Оның айтуынша, Америкада медициналық қызметтер тым қымбат, ал Қазақстанда дәрігерлер аз жалақыға зор жауапкершілік арқалап жүр.

«АҚШ-та медициналық сақтандыру айына 500–600 доллар тұрады, бірақ ол да барлық шығынның тек 50–80 пайызын ғана жабады. Қарапайым бронхит үшін – қабылдау, рентген, тексерулер мен дәрілерге 1000 доллардан астам шот келді. Соның 400 долларын өзім төледім. Жедел жәрдем шақыру – 1500–2000 доллар. Тіс дәрігеріне қаралу үшін бірнеше ай күту керек. Америкада денсаулық – байлардың еншісі», – деп жазады ол.

Шайхисламның бұл жазбасы Қостанайда жедел жәрдем дәрігерінің жұмыс орнында соққыға жығылуы туралы жаңалықпен қатар шықты. Қазір дәрігер ауруханада ем алып жатыр, ал күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалған.

«Біреудің туған күніне қарап болжам айтатын адам дәрігерден артық табыс табуы – ақылға қонымсыз»

Дина Шайхислам қоғамдағы құндылықтар жүйесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда коучтар, астрологтар мен нумерологтар – яғни нақты білімі жоқ, бірақ танымал адамдар – кәсіби дәрігерлерден көп табыс табады. Бұл – қоғам үшін дабыл қағарлық жағдай.

«Дәрігер – өмірін білім алуға арнап, күн сайын адамдардың өмірін сақтап қалатын маман. Бірақ олар біздің қоғамда лайықты бағаланбайды. Бұл – дұрыс емес. Біз кімге сенім артамыз, кімге ақша төлейміз – соған қарайтын болсақ, қоғамның шынайы бет-бейнесі көрінеді», – дейді ол.

Шайхислам медициналық қызметтің тегін болуын емес, лайықты бағалануы керектігін баса айтты:

«Дәрігердің еңбегі арзан болмауы керек. Денсаулық сақтау – бағасыз емес, бағалануы тиіс қызмет».