6 тамыз күні Ресей президенті Владимир Путин Кремльде АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффты қабылдады. Бұл — Уиткоффтың 2025 жылы Ресейге жасаған бесінші сапары.
Аталған кездесу АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресейге қойған ультиматумының мерзімі аяқталуына екі күн қалғанда өтті. Трамп 8 тамызға дейін Мәскеу мен Киев арасындағы қақтығысты реттеу бойынша нақты ілгерілеу болуын талап еткен. Ол орындалмаған жағдайда Ресейге қарсы жаңа кедендік баж салығын енгізуі мүмкін екенін ескерткен еді. Ақ үй басшысы бұл шешімін 6 тамыз күні кешке Овальды кабинеттен жасайтын үндеуінде жариялайды. Әзірге оның мәлімдемесінің нақты тақырыбы белгісіз.
Кремль Трамптың мәлімдемелерін ескеріп отырғанын, алайда Ресей бұл риторикаға «салмақты және сабырмен» қарайтынын жеткізді. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Ресей экономикасы көптен бері түрлі санкциялар мен шектеулер жағдайында жұмыс істеп келеді және «бұл жағдайға белгілі бір деңгейде иммунитет қалыптасқан».
Стив Уиткофф Мәскеуге 6 тамыз күні таңертең келді. Оны Ресей тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев күтіп алды. Екеуі Мәскеудің «Зарядье» саябағын аралап, мейрамханада тамақтанып, қаланың шолу алаңынан көрініс тамашалаған.
Ресми тараптар Уиткофф пен Путин арасындағы кездесудің мазмұны туралы егжей-тегжейлі ақпарат бермеді.