Қазақстанның Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Әзербайжанға тиесілі AZAL әуе компаниясының ұшағы Ақтау әуежайы маңында апатқа ұшырауына байланысты тергеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі таңда сараптамалық кезең аяқталуда, енді тергеу тобы соңғы қорытынды есепті дайындауға көшті. Вице-премьер бұл бағытта халықаралық сарапшылармен бірлесе жұмыс істеліп жатқанын және Қазақстан мамандары тергеу барысында жаңа тәжірибе мен дағдылар жинағанын атап өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бозымбаевтың айтуынша, сараптамаларға қажетті кейбір жабдықтар әлі де шетелде — шетелдік зертханаларда тексеруден өтіп жатыр және жақын арада елге қайтарылады. Соңғы есеп бірнеше ай ішінде дайын болады. Вице-премьер халықты сабыр сақтауға шақырып, шындықтың ашыларына сендірді.
Оның айтуынша, апаттың себептерін тергеу барысында жарылыс-техникалық сараптама жүргізіліп жатыр. Бұл сараптаманы құқық қорғау органдары жүзеге асыруда. Ұшақ фюзеляжында табылған зақым келтіруші элементтерді зерттеу үшін арнайы сұраныстар өзге елдерге жіберілген. Ол елдерде дәл осындай әсер етуші элементтері бар әртүрлі қару түрлері қарулы күштердің қарулануында болуы мүмкін. Сараптама нәтижесінде нақты қорытындылар алынатын болады. Бозымбаев бұл мәселеге саяси түс бермеуді сұрады және қандай себеппен ұшақ зақымданғанын тек ресми техникалық сараптама көрсетуі тиіс екенін айтты.
Комиссия өкілдері осы уақытқа дейін Баку қаласына барып, Әзербайжанның авиациялық органдарымен, AZAL компаниясымен және Silkway Technics техникалық қызмет көрсетуші компаниясымен жұмыс кездесулерін өткізген. Бұған қоса, сәуір айында тергеуге қатысушы тараптар — Әзербайжан, Ресей, ICAO және Embraer компаниясының өкілдері гидравликалық жүйе №2-нің конструкциясын қайта құрастыру және оның істен шығу себептерін анықтау бойынша шешім қабылдаған. Сонымен қатар, авионика модульдік блогын зерттеу үшін оны жасаушы компанияға жіберу туралы шешім де қабылданған.
Гидравликалық жүйенің істен шығуы ұшақтың қанатындағы закрылкалардың жұмысын тоқтатқан болуы мүмкін. Осы себепті мамандар аталған жүйеге ерекше назар аударуда.
Мамыр айында комиссия мүшелері Грозный мен Ростов-на-Дону қалаларына барып, ондағы әуенавигациялық жүйе объектілерін аралап, жұмыс кездесулерін өткізген. Бұл да тергеудің бір бөлігі ретінде жүргізіліп жатыр.