Logo
Іздеу
Айдарлар

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тарихи келісім

/
Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тарихи келісім
Фото: коллаж arasha.kz

Каспий теңізінің түбінен өтетін алғашқы суасты интернет-кабель Қазақстан мен Әзербайжанды тікелей байланыстырады. Қазір теңіз астындағы инженерлік зерттеу жұмыстары басталды. Бұл туралы "Қазақтелеком" АҚ хабарлады.

Маңғыстау облысындағы Баутино портынан теңізге арнайы зерттеу кемесі шыққан. Ол бір ай көлемінде Ақтау – Сумгаит бағыты бойынша теңіз түбінің рельефін, тереңдігін, топырақтың тығыздығын және қауіпті аймақтарды зерттейді. Алынған деректер волоконды-оптикалық кабельді дәл және қауіпсіз төсеу үшін қажет.

Жоба аяқталған соң екі ел арасында 400 Тбит/сек дейінгі жылдамдықпен дерек тарата алатын байланыс желісі іске қосылады. Бұл кабель Азия мен Еуропаны жалғайтын трансконтиненталды интернет-маршруттың маңызды бөлігі болады.

Бағдат Мусин, "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы:

«Біз тек екі елді емес, Азия мен Еуропаны байланыстыратын телекоммуникациялық көпір салып жатырмыз. Бұл – Қазақстанның технологиялық хаб ретіндегі рөлін күшейтетін стратегиялық жоба», – деді.

Бұған дейін жағалау аймағында жерүсті зерттеу жүргізіліп, инфрақұрылым нүктелері анықталған.