Logo
Іздеу
Айдарлар

Израиль Газаны толық бақылауға алатын жоспарды мақұлдады

/
Израиль Газаны толық бақылауға алатын жоспарды мақұлдады
Фото: коллаж arasha.kz

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Газа қаласын бақылауға алу туралы ұсынысы 8 тамызға қараған түні үкіметтің әскери кабинеті отырысында мақұлданды. Бұл шешім Газа секторын толық басып алу бағытындағы жаңа стратегиялық жоспардың алғашқы кезеңі болмақ.

Fox News арнасына берген сұхбатында Нетаньяху:

«Біз Газаны толық бақылауға аламыз, бірақ бұл мәңгілікке емес», – деді.

Қазіргі таңда Израиль армиясы Газа секторы аумағының шамамен 75 пайызын бақылауға алған. Алайда сарапшылар мен кейбір израильдіктер бұл қадам ХАМАС тобын толық жоюға әкелмейді және тірі қалған тұтқындардың тағдырын қауіпке тігеді деп есептейді.

Times of Israel басылымының жазуынша, Газа қаласындағы операция 800 мыңнан астам адамның жаппай эвакуациясын қажет етуі мүмкін. Бұл тұрғындар қазіргі уақытта ұрыстар жүріп жатқан аймақта өмір сүріп жатыр.

Израиль премьерінің кеңсесі таратқан мәлімдемеде:

«Израиль Қорғаныс армиясы Газа қаласын бақылауға алуға дайындалады, сонымен қатар соғыс әрекеттері жүрмейтін аймақтарда бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетіледі», – делінген.

Осылайша, Израильдің әскери-саяси жетекшілігі Газа секторындағы жаңа кезеңге аяқ басты. Алайда бұл шешім гуманитарлық дағдарысты күшейтіп, Таяу Шығыстағы ахуалды одан әрі шиеленістіріп жіберуі мүмкін дейді сарапшылар.