Logo
Іздеу
Айдарлар

Путин АҚШ президенті Трамппен кездесу алдында Тоқаевқа қоңырау шалды

/
Путин АҚШ президенті Трамппен кездесу алдында Тоқаевқа қоңырау шалды
Тұрар Қазанғапов / Reuters. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамппен жоспарланған кездесудің алдында Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесті, деп Arasha.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кремль таратқан ақпаратқа сәйкес, әңгіме барысында Путин Украинадағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу мақсатында Вашингтонмен жүргізіліп жатқан келіссөздер барысын, соның ішінде АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффпен болған кездесу нәтижелерін Тоқаевқа баяндаған.

Тоқаев өз кезегінде берілген ақпарат үшін алғыс айтып, қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге бағытталған бастамаларды қолдайтынын білдірген.

Сондай-ақ тараптар екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, әсіресе сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, өнеркәсіп және энергетика салаларындағы бірлескен ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады. Сонымен қатар, жыл соңына дейін жоспарланған жоғары деңгейдегі кездесулерге дайындық барысы да сөз болды.

Айта кетейік, бұған дейін, 7 тамызда Мәскеу АҚШ пен Ресей президенттері – Владимир Путин мен Дональд Трамп арасында жеке кездесу өткізу туралы келісімге келгенін мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда кездесу орны анықталып, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Алайда, ресми орын өткізілетін жерді кейін жарияламақ.

БАҚ мәліметтеріне қарағанда, Трамп Путинмен тек Ресей президенті Украина басшысы Владимир Зеленскиймен де келіссөз жүргізген жағдайда ғана кездесуге келіспек.