Тәуелсіз Қазақстанның дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан маман иелерінің бірі – теміржол саласының қызметкерлері. Әсіресе, елорданың жүрегі саналатын Астана станциясы еліміздің түкпір-түкпірімен байланыс орнататын маңызды көлік торабы ретінде ерекшеленеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осы салада ұзақ жылдық тәжірибесі бар станция кезекшісі Серік Құнанбайұлы өзінің күнделікті жұмысы мен оның жауапкершілігі туралы 24KZ арнасына берген сұхбатында кеңінен баяндап берді.
"Темір жол саласы өте қырағылық пен жоғары жауапкершілікті талап етеді. Таңертең жұмысқа келгенде алдымен жиналыс өткіземіз. Онда күнделікті атқарылатын жұмыстарды жоспарлап, арнайы тексерістен өткен соң ауысымды қабылдаймыз. Бүкіл станцияның жұмысын басқарып, пойыз қозғалысын үйлестіріп отырамыз. Диспетчер бағыттаманы береді, біз жолаушылар пойыздарының кестеден кешікпеуін және барлық қозғалыс тәртібін қадағалаймыз. Бұл - біздің негізгі міндетіміз", – дейді сала ардагері.
Серік Құнанбайұлының айтуынша, Астана станциясы – еліміздегі ірі әрі маңызды станциялардың бірі. Мұнда төрт бағытта тынымсыз жұмыс жүргізіледі. Жолаушылар пойыздарының қарқыны жоғары болғанымен, жүк тасымалы да назардан тыс қалмайды.
"Біздің ерекшелігіміз бір парктен бір уақытта бес пойызды жөнелте аламыз. Бұл үшін арнайы айналма жол бар. Жалпы станцияда жеті парк бар, мұны да айрықша артықшылығымыз деп айтуға болады", – деп атап өтті ол.