Logo
Іздеу
Айдарлар

Америкада жерленген Мұхтар Мағауиннің топырағы Қазақстанға жетті

/
Америкада жерленген Мұхтар Мағауиннің топырағы Қазақстанға жетті
Juzmedia.kz коллажы

Жазушы Мұхтар Мағауиннің ұлы Едіге Мағауин әкесінің АҚШ-тағы зиратынан алынған топырақты ата-бабалары мәңгі тыныстап жатқан Көпбейіт қорымына апарып қойды. Бұл рәсім жазушының кіндік қаны тамған Шұбартау өңірінде өтті, деп Arasha.kz тілшісі Juzmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Баршатас ауылында қаламгердің құрметіне жылдық ас беріліп, оған зиялы қауым өкілдері мен туыстары жиналды. Мағауиннің барлық қолжазбалары мен мұралары қазір АҚШ-тағы отбасылық үйінде сақтаулы. Болашақта сол үйді мұражайға айналдыру жоспарда бар.

Мұхтар Мағауин – белгілі жазушы, әдебиет тарихын зерттеуші, тарихи романдардың авторы. Ол 1940 жылдың 2 ақпанында Семей облысы Шұбартау ауданында дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын тәмамдаған. Әр жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінде, "Жұлдыз" журналында, "Жазушы" баспасында еңбек еткен. Сондай-ақ, Ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Мәскеудегі Максим Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен әдебиет тарихы бойынша дәріс оқыған.

Қаламгер XV-XVІІІ ғасырлардағы ұмыт қалған көне қазақ поэзиясын қайта зерттеп, оны ресми әдебиет тарихына енгізген. "Аласапыран" тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығын иеленген. Оның "Қобыз сарыны", "Көк мұнар", "Шақан-Шері", "Гауһар" роман-дилогиясы, "Жармақ", "Шыңғыс ханның шарапаты" және басқа да туындылары оқырманға кеңінен танымал.

Еске сала кетейік, Мұхтар Мағауин 2025 жылдың 10 қаңтарында, 85 жасқа қараған шағында өмірден озды.