Logo
Іздеу
Айдарлар

"Осындай дәстүрімізбен мақтанамыз": Ағайынды бауырлар ортақ әйел алып, бір қызға үйленді

/
"Осындай дәстүрімізбен мақтанамыз": Ағайынды бауырлар ортақ әйел алып, бір қызға үйленді
әлеуметтік желіден

Үндістанның Шиллай ауылында туған ағайынды Прадип пен Капил Неги ежелгі дәстүрді сақтап, бір қызға – Сунита Чауханға үйленді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Stan.kz-тің Economic Times-қа сілтеме жасап жазуынша, үш күнге созылған тойда Хатти халқының сирек кездесетін джодидар немесе джажда деп аталатын көпкүйеулілік дәстүрі орындалған. Бұл дәстүр Химачал-Прадеш штатының кейбір қауымдарында ғана сақталған.

"Бұл дәстүрді ашық түрде ұстанамыз, өйткені мақтан тұтамыз. Бұл – екеуіміздің ортақ шешіміміз", – деді үлкені Прадип.

Інісі Капил де өз ойын білдіріп: "Біз жұбайымызға біртұтас отбасы ретінде махаббат, тұрақтылық және қолдау көрсетеміз", – деді.

Хатти тайпасы кеңесінің бас хатшысы Кундан Сингх Шастридің айтуынша, бұл дәстүрдің практикалық мәні бар.

"Тайпалық қоғамда бірнеше ер адамнан құралған үлкен отбасы қауіпсіздік береді әрі қиын таулы жағдайда отбасылық жердің бөлініп кетуінен сақтайды", – деп түсіндірді Сингх Шастри.

Қазір мұндай тәжірибе сирек кездессе де, Химачал-Прадеште әлі де заңды деп танылады. Рәсім халық билерімен атап өтіліп, барлық тараптың толық келісімімен өткен.

Сунита Чаухан да өз еркімен осы некеге келгенін айтып:

"Мен Хатти дәстүрін бұрыннан білетінмін және өз қалауыммен осы одақтың бір бөлігі болдым", – деді.