DW материалындағы деректер Қазақстанда суррогат аналарға қатысты халықаралық қылмыстық желі болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Қазақстанның сегіз азаматы – 25-30 жас аралығындағы, жалғызбасты, тұрақты табысы жоқ әйелдер – әлеуметтік желідегі хабарландырулар арқылы суррогат ана болуға келіскен. Оларға 6-8 млн теңге төлем, жүктілік кезінде тегін баспана және айына 500 доллар уәде етілген. Бірақ бұл ұсыныстың артында күмәнді делдал компаниялар мен шетелдік, әсіресе қытайлық тапсырыс берушілер тұрған.
Әйелдердің айтуынша, бастапқыда оларды Алматыдағы жеке репродуктология орталықтарында тексеруден өткізген соң, эмбрионды Қазақстанда емес, шетелде – Қытайда, Камбоджада немесе Лаоста орналастыруға көндірген. Кейбір жағдайларда телефондарын тартып алып, қараңғыланған көліктермен белгісіз ғимараттарға апарып, 15-20 минуттық процедуралар жасаған.
Кейін әйелдерді Қазақстанға қайта әкеліп, тапсырыс берушілер жалдаған үйлерде немесе коттедждерде ұстаған. Шығуға шектеу қойылған, медициналық тексерулерді шақыртылған дәрігерлер жүргізген. Бір коттеджде 20-ға жуық суррогат ана және олардың биологиялық балалары тұрған.
Кей әйелдер босанған соң балаларын үш күннен кейін тапсырыс берушілердің бала күтушілері алып кеткен. Бірнеше жағдайда аналар ешқандай келісімшартқа қол қоймаған, ал келісім жасағандарда да талаптар Қазақстан заңнамасына қайшы келген. Адвокаттар Альбина және Азамат Бекқұловтардың айтуынша, құжаттарда биологиялық ата-аналар туралы нақты деректер жоқ, нотариалды рәсімделмеген, ал тапсырыс беруші ретінде жеке тұлға емес, белгісіз компания көрсетілген.
Әйелдерге коттеджде тұрғаны, шетелге барғаны және медициналық қызметтер үшін қарызсыңдар деп қысым жасалған. Кейбіріне – мәжбүрлі аборт жасату үшін басқа қалаға немесе елге алып кетеміз деп қоқан-лоқы көрсетілген.
Адвокаттар мен Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, профессор Вячеслав Локшин бұл істе "кәмелетке толмағандарды сату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғауға негіз бар деп санайды. Локшиннің айтуынша, бұл схема Қытайда орталығы бар және Ресей, Қырғызстан, Грузия, Оңтүстік-Шығыс Азияда филиалдары болуы мүмкін халықаралық желімен байланысты болуы ықтимал.
«Бұл – таза криминал. Егер бала ананың атына тіркеліп, кейін алып кетілсе – бұл киднеппинг. Ал ақша берілсе – балаларды сату фактісі. Бұған 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – дейді Локшин.
Ол Қазақстандағы ресми ЭКО клиникаларда суррогат аналарға төлем мөлшері кемінде 10 млн теңге екенін, ал делдалдар Қытайдан 15-20 млн теңге алып, аналарға тек 6 млн теңге беретінін айтады.
Адвокаттардың мәліметінше, қытайлық тапсырыс берушілермен жұмыс істейтін медициналық орталықтар Алматыдан бөлек, Астана, Шымкент және Талдықорғанда да бар. Бұл орталықтардың заңдылығы, қызметінің ашықтығы және балалардың кейінгі тағдыры – құқық қорғау органдарының шұғыл тексеруін қажет етеді.