Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Тоқаев әріптесін АҚШ Президенті Дональд Трамппен Анкориджде өткен кездесудің қорытындысымен құттықтады, деп Arasha.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Президенттің пікірінше, келіссөздер Ресейдің Украинаға қатысты ұстанымын америкалық тарапқа дұрыс түсіндіруге септігін тигізді. Бұл күрделі мәселені шешуде ортақ пікір табуға ықпал етеді.
Тоқаев Аляскадағы саммитті Ресейдің халықаралық аренадағы позициясын нығайту және әлемдік деңгейде өзара түсіністікті арттыру тұрғысынан маңызды деп бағалады. Сондай-ақ, сапардың сәтті ұйымдастырылғанын атап өтті, бұл қазіргі күрделі жағдайда ерекше саяси мәнге ие.
Өз кезегінде Путин әріптесіне келіссөз барысында талқыланған кейбір нақты мәселелер туралы хабарлады. Әңгімелесу соңында Тоқаев Ресей Президентіне энергетика саласындағы конструктивті ынтымақтастық үшін алғыс білдірді.