Қазіргі тіл білімінде кең өріс алып келе жатқан антропоөзектік бағыт тіл мен адам болмысының өзара байланысын тереңірек түсінуге жол ашты. Бұл бағыттың негізгі идеясы – белгілі бір этносқа тән мәдени, тарихи, дүниетанымдық ерекшеліктерді сол халықтың тілі арқылы зерттеп, тануға болатыны. Яғни, әрбір ұлттың ғасырлар бойы жинақтаған рухани мәдениеті мен танымын жеткізетін тілдік бірліктер – сол этнос туралы ең шынайы ақпарат беретін дереккөз.
Ұлт тарихы – бір күнде қалыптаспайды. Оның бойында ғасырлар бойы жиналған тәжірибе, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан дәстүрлер мен сенімдер жатыр. Бұл процеспен бірге ұлт тілі де қатар дамып, сол тарих пен танымның куәсіне айналады. Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ол арқылы адамзат өз дүниетанымын, болмысты қабылдауын, рухани әлемін сыртқа шығарады.
Қазіргі тіл ғылымында тілдің коммуникативтік қызметімен қатар, оның танымдық (когнитивтік) қызметіне ерекше мән беріле бастады. Бұл дегеніміз – тіл тек біреуге бірдеңе жеткізудің құралы ғана емес, ол адам ойының, санасының, сезімінің сыртқа шығуының тәсілі. Адам – табиғаттағы ойлай алатын, сезіне алатын тіршілік иесі. Сондықтан ол әрдайым өзін қоршаған әлемді танып-білуге ұмтылады. Адам санасында заттар мен құбылыстар бейне түрінде қабылданады. Бұл бейнелер адамның тәжірибесі арқылы қалыптасып, тілде көрініс табады. Мысалы, халық белгілі бір затты немесе құбылысты тек суреттеп қоймай, оған символдық немесе астарлы мағына да жүктейді. Мұндай тілдік бейнелер – тек сөз емес, оларда білім, тарих, мәдениет жатады.
Осы тұрғыдан алғанда, мәдениет – адамның тек рухани емес, танымдық әрекетінің жемісі. Адамның әлемді қалай танып, қалай қабылдайтыны оның тілінде, сөз қолданысында, сөздердің мағынасында көрінеді. Сол себепті этностың мәдениеті мен дүниетанымын зерттегенде, ең алдымен сол ұлттың тілін зерттеу керек. Өйткені, тіл – сол халықтың дүниеге деген көзқарасының айнасы.
Этнотаным – ұлттың дүниетанымы мен рухани болмысының тіл арқылы көрініс табуын зерделейтін ғылыми бағыт. Бұл ұғым тіл білімінде этнолингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивті лингвистика сияқты жаңа бағыттардың қалыптасуына негіз болды. Этнотанымдық зерттеулер – ұлттың тілдік санасы мен мәдени жадын танып-білудің маңызды тетігі ретінде бүгінгі филологиялық ғылымда өзекті орынға ие.
Этнотанымдық ізденістер тіл арқылы ұлттың өзін-өзі тануына, тарихы мен болмысын түсінуіне мүмкіндік береді. Ғалым Ә. Қайдар этнотанымды тіл мен этнос арасындағы байланыстан туындайтын жаңа ғылым саласы деп бағалай отырып [1, 56б], «этнос болмысы» мен «тіл әлемі» ұғымдарын ғылыми айналымға енгізді. Оның пікірінше, этнос болмысы – халықтың сан ғасырлық рухани тәжірибесі мен салт-дәстүрі, ал тіл әлемі – осы болмысты жеткізуші таңбалық жүйе. Яғни, тіл – этностың өмір сүру формасын бейнелейтін мәдени код.
Этнотанымдық зерттеулердің маңызын айқындауда А.С. Жұмабектеннің: «Этнолингвистика – антропоөзектік ғылымдардың бастауы» [2, 161б] атты еңбегі назар аудартады. Онда этнолингвистика тілдің тек қарым-қатынас құралы емес, ұлттың дүниетанымын танытатын танымдық жүйе екенін дәлелдейді. Автор тіл мен мәдениет бірлігін негізге ала отырып, этнос тілі арқылы этнос болмысын танудың маңызын жан-жақты сипаттайды. Мақалада шетелдік және отандық ғалымдардың теориялық көзқарастары сараланып, этнотанымның ғылымдар тоғысындағы орны көрсетіледі.
Зерттеушінің айтуынша, этнотанымдық зерттеулердің ерекшелігі – сөздіктерге ене бермейтін бейнелі, көне, кейде айтуға тыйым салынған «ұят» сөздердің де талдау нысанына айналуы. Мысалы, қасқырды «ит құлақ» деп атау – эвфемистік балама. Сол сияқты «қара алтын» – көмір, «көгілдір экран» – теледидар сынды бейнелі атаулар да этностың танымдық жүйесін көрсетеді. Мұндай тілдік бірліктерді этнолингвизмдер деп атайды.
Этнотанымдық зерттеулердің тағы бір маңыздылығы – ұлттың сөздік қорындағы көпқабатты мағыналардың мәнін ашып, олардың ар жағында жасырынған тарихи, мифологиялық, әлеуметтік ақпаратты жүйелеуінде. Әрбір мақал-мәтел, жұмбақ, тұрақты тіркес немесе көркем теңеу – этностың ұзақ жылдар бойы қалыптасқан өмір сүру тәсілінің тілдік көрінісі.
Ғалым Ж. Манкеева бұл тұрғыда: «Сөз – заттың тура таңбасы емес, оның біздің санамызда тілдік шығармашылық процесс нәтижесінде туған бейнесі» [3, 172б] деп атап көрсетеді. Яғни, тіл тек затты атаумен шектелмей, оны ұлттық мәдени кеңістікте бейнелейді. Осы арқылы әр халық өз әлемін, рухани көзқарасын қалыптастырады. Бұл үрдіс – этнотанымның тілде бейнеленуінің айқын дәлелі.
Бүгінгі таңда этнотанымдық бағыт – қазақ тіл білімінің жаңаша дамуына, ұлттық болмысты ғылыми тұрғыда тануға, мәдени құндылықтарды жүйелеуге үлкен үлес қосып келеді.
Қазақ этнолингвистикасының қалыптасуында М.М. Копыленконың еңбегі айрықша. Оның «Основы этнолингвистики» атты еңбегі бұл салада алғашқы жүйелі зерттеу ретінде танылып, тіл мен мәдениеттің арақатынасын ғылыми тұрғыда зерделеуге жол ашты. Ғалым этнолингвистиканы – этностың тұрмыс-тіршілігі, тарихы, рухани және материалдық мәдениеті тіл арқылы бейнеленетін күрделі жүйе деп түсіндіреді. Бұл анықтама этнотанымдық зерттеулердің кең өрісін айқындап береді.
Копыленко этнолингвистиканың негізгі объектісі ретінде этностың ұлттық бейнесін, болмысын тіл байлығы арқылы танып-білуді көрсетеді. Ол тілдегі барлық мәдени-танымдық деректерді жинақтап, саралау – этнолингвистика ғылымының басты мақсаты екенін дәлелдейді. Яғни, этнолингвистика тек тілдік құрылымды емес, мәдениеттің таңбалық, символдық қабаттарын да зерттейді.