Батыс Қазақстан облысындағы ата-аналар ұлдарына облыстық психиатриялық орталықта зорлық-зомбылық жасалды деп шағымдануда, деп хабарлайды Arasha.kz.
2015 жылы Гәлияш ұлы Исабекті бірінші сыныпқа берді. Мұғалім оның сабақ үстінде тыныш отырмайтынын байқап, дәрігерлерге қаралуға кеңес берген, деп жазды Orda.kz.
«Олар ұлымда назар тапшылығы мен гиперактивтілік синдромы бар деді. Біз әртүрлі дәрігерлерге қаралдық. Әрқайсысы әртүрлі диагноз қойды. Тіпті жалған диагноздар да болды. Алғаш мектепке барған кезде ұлым анық сөйлейтін», — дейді анасы.
Айтуынша, баласының денсаулығында мазасыздықтан басқа айтарлықтай мәселе болмаған. 2019 жылы оған «Сонапакс» тағайындалғаннан кейін бала күрт өзгеріп, тамақ ішуден қалған.
«Сонапакс» — жүйке жүйесіне әсер ететін күшті психотропты дәрі. Дәрігерлер оны көбіне невроз, мазасыздық, ашушаңдық пен ұйқысыздықта тағайындайды. Балаларға өте сирек беріледі.
Гәлияш ұлына дұрыс ем жасалмағанына сенімді. Уақыт өте келе ол ашуланшақ болып, психикалық денсаулық орталығына түскен. Ата-анасы барып жүргенде баласының денесінде көгерген іздерді байқаған, кейде айлап көрсетпей, «карантин» деген сылтау айтқан.
«Ұлым қатты өзгерді, енді бір орында тұрмайды. Үйге әкелгенде қашып кетуге тырысады. Сондықтан оны орталыққа тапсыруға мәжбүр болдық», — дейді анасы көз жасын тыя алмай.
Оның айтуынша, ұлына шизофрения диагнозы қашықтан қойылған. Бұл — Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы туралы» кодексін өрескел бұзу.
«Бұл заңсыз, өйткені телемедицина ата-анасының қатысуынсыз жүргізілген. 8 тамызда ұлым ауруханадан қашып кетті. Сол күні біз үйде болмадық. Бұл оның алғашқы қашуы емес. Артынан бір топ медицина қызметкері қуып барып, оны шашынан сүйреп көлікке отырғызып, соққы жасады. Соны көрген көршіміз „неге баланы ұрып жатырсыңдар?“ деп сұрағанда, оларға „Сендердің шаруаларың емес“ деп жауап беріп, баланы алып кеткен. Біз бұл бойынша куәгердің сөзіне сүйеніп шағымдандық, бірақ прокуратура істі жапты», — дейді ата-анасы.
Қашқаннан кейін әкесі ұлын тексеруге апармақ болған, бірақ дәрігерлер кіргізбеген. Кейін баланың денесінде жаңа көгерген іздер пайда болған. Ата-анасы оны жедел жәрдемде медицина қызметкерлері ұрған деп есептейді.
«Орда» сайты бұл жағдайға қатысты психиатриялық орталықтан пікір сұрағанда, ондағылар дәрігерлік құпияға сілтеп, шешімді әкімшілік кодекске сәйкес тәртіпте шағымдануға болатынын айтқан.
Министрліктің мәліметінше, 2023 жылдың қыркүйегінде республикалық медициналық мониторинг өкілдерінің қатысуымен жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, бұзушылық анықталмаған — көмек хаттамаларға сәйкес көрсетілген. 2024 жылдың мамырында да РНПЦПЗ директоры Алтынбеков бастаған комиссия тексеріп, ескертулер жасамаған. 2022 жылдан бері пациентке Алматыдағы орталықта ем алу ұсынылғанымен, ол үзілді-кесілді бас тартқан.
Министрлік сондай-ақ психикалық ауытқулары бар науқастарды ауруханаға жатқызу тек заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен, ал ата-анасы қарсы болған жағдайда — тек сот шешімімен мүмкін екенін ескертті.
Бұған дейін Шымкентте психиатриялық орталықтың екі қызметкері пациент әйелдерді зорлағаны үшін кінәлі деп танылған еді.