Құрметті Arasha.kz сайтының оқырманы!
Сіздерге бірнеше күннен бері сайтымызға жасалып жатқан кибершабуыл туралы айту керек деп шештік. Себебі бұл шабуыл еріккеннің ермегінен гөрі, нақты әрі мақсатты түрде сайтқа жасалған шабуыл болып отыр. Мұны дәлелдеу де қиын емес. Төмендегі сервердің қызметкерлерімен жүргізген және олардың берген есебіне назар аударыңыздар:

Мұнда нақты DDoS шабуылдың әртүрлі елдер арқылы жасалған жолы көрсетілген.
DDoS шабулы ізін табу қиын, қандай IP адрес арқылы жасап отырғанын табу қиын әрі қымбат тұратын әрекеттердің бірі.

Сервер қызметкерлерінің және техникалық қолдау көрсетуші мамандардың айтуынша, бір ғана емес, бірнеше бағыттан шабуыл болған. Серверге және сайттың өзіне кіре алмаған шабулы «желілік» деңгейде де жасалған. Ал оның нақты көлемі біз түгілі, серверде жұмыс істеп отырған мамандарды да алаңдатып қойған.

Бір сәтте сайтқа 26 GB көлеміндегі сұраныс жіберілген. Бұл дегеніміз бірнеше жүз мың жалған қолданушының қолмен ұйымдастырылып, сайтқа арнайы бағыттаған шабуылы.

Бұл көрсеткіш екінші күні одан да үдей түсті. Бұл жолғы көлем 87 GB етті. Яғни шабулы тоқтаусыз әрі мақсатты түрде жүрген. Сонымен бірнеше күн бойы Arasha.kz сайтына не үшін шабуыл жасалды? Сайттың көтеріп жүрген тақырыбы немесе оның өсімі кімге ұнамай қалды? Бұған нақты жауап жоқ, бірақ біз соңғы бір ай не бір жыл емес, үш аптадағы ғана көрсеткішті айтып өткіміз келеді.
Тамыз айынан бастап Arasha.kz сайты Liveinternet рейтинг жүйесінде алғашқы ТОП-20 сайт ішіне кірді. Ең қызығы, шабулы болған күні сайт ТОП-10 сайттың ішінде 9-орынға жеткен. Сайтқа күнделікті 40 мыңнан көп оқырман кіріп, өзекті әрі қоғамдық-саяси тақырыптағы мақалаларды оқып жатыр.

Сайтта күнделікті 100-150 адам арасында тұрақты онлайн оқырман отырады. Google рекомендацияда да сайттың материалдары оқылып жатыр. Яғни бұл редакцияның командалық және стратегиялық өзгерісінің нәтижесінде жүзеге асты.
Бұған дейін сайтта (редакцияда) аймақтық, облыстық деңгейдегі әкімдердің, олардың орынбасарларына қатысты зерттеу материалдар жарық көрген болатын. Әсіресе, мемлекеттік тапсырыс кезіндегі олқылықтар мен ашық проблемалар көрсетілген. Тек әкімдік емес, квазимемлекеттік мекемелер де сайттың зерттеу тақырыбына ілінген.
Соңғы кездері банкке қатысты материалдарды, басқа да мүдделі тараптардың мақалалары жарық көріп, олар редакцияға хабарласып, жазылған жаңалықты не зерттеу материалды алып тастауды ұсынған, бірақ редакция өз саясатын ұстана отырып, жарияланған материалдарды сол қалпында қалдырды.
Дәл қазір сайтты қорғап, бір емес, үлкен команда жұмыс істеп жатыр. Техникалық қолдау көрсетуші мамандар сайттың 24/7 мониторинг жасау үшін бақылауға алды. Сайт әлі де істеп тұр. Рейтингтегі орны да, күнделікті оқырманның келуі де тоқтаған жоқ. Дегенмен бірнеше сағатқа сайттың ашылмай қалуы секілді факторлар бар. Бұл әсіресе шабуыл үдеген кезде қайталанып жатыр.
Құрметті оқырман!
Біз қандай жағдай болмасын күнделікті жаңалықты жылдам жеткізуге, өзекті тақырыптардан хабардар етуге тырысамыз. Бізге жасалып жатқан шабуылдың жеңіліс емес екенін түсінеміз. Бұл айналып келген кезде жеңіс.