Logo
Іздеу
Айдарлар

Қазақ даласына алғаш көлік әкелген қазақ

/
Қазақ даласына алғаш көлік әкелген қазақ
Сурет: ЖИ

ХХ ғасырдың басында Ә.Бөкейханның «Алаш» идеясын жүзеге асыруға зор көмегін тиігзген – қазақ байлары болды. Кез келген жобаны, идеяны нәтижеге жеткізу үшін мол қаражат керек екендігі анық дүние. Ә.Бөкейхан қазақ халқы мен қазақ байларының зор қолдауына ие болды. «Алаш» идеясына сеніп, қаржылық тұрғыдан қолдаған азаматтардың қатарында Ақмола өңірінің белгілі кәсіпкері, меценат өкілдері – Баймұхамет Қосшығұлұлы және оның баласы Құрманғали Қосшығұлұлы болды. Бұл туралы e-history.kz сайтына сілтеме жасай отырып Arasha.kz интернет порталы хабарлайды.

Баймұхамет Қосшығұлұлы Ақмола облысында астық өңдеу ісімен айналысып, ұн тарту кәсібін жолға қойған. Бұдан бөлек, ол кондитерлік өнімдер (зефир, печенье, кәмпит, пряник, тоқаштар) шығаратын өндіріс орындарын ашып, өнімдерін Ресейдің ішкі қалаларына және Қытайға экспорттап отырған. Қосшығұл әулетіне қарасты бірнеше сауда орындары, ірі қонақ үйлері және жеке бастамамен ашылған мектептері болғандығы туралы деректер кездеседі. Бұл олардың тек кәсіпкерлікпен ғана емес, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға да үлес қосқанын көрсетеді. 

Баласы Құрманғали Қосшығұлұлы болса, Санкт-Петербургтегі есеп-кооператив институтында (учетно-кооперативный институт) сауда-экономикалық бағытта білім алған. Ол ХХ ғасыр басындағы жаңа технологияларды қазақ даласына енгізуге талпыныс жасаған алғашқы азаматтардың бірі саналады. Мәселен, 1900 жылы қазақ жеріне алғаш рет шетелдік (америкалық) автомобиль әкеліп, оны Ақмоланың белгілі кәсіпкері В. М. Кубринге сатқан. Бұл қадамның астарында Құрманғалидың қазақ даласында автомобиль өндірісін дамыту жоспары жатқан. Осы мақсатта ол Германиядан инженерлер шақыртып, алғашқы зауыт құрылысына қажетті сызбаларды (чертеждер) алдырған. Алайда І дүниежүзілік соғыстың басталуы бұл бастаманы жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Құрманғали Қосшығұлұлы кәсіби тұрғыда экономист ретінде де танылған. Ол дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысқан қазақ байларына малды сатудан түскен қаражатты банкке депозит түрінде салып, пайыздық өсім алу арқылы капиталды көбейтуге кеңес беріп отырған. Бұл оның нарықтық экономика қағидаттарын ерте меңгергенін аңғартады. 

Құрманғали Қосшығұловтың Ford (Model T) автомобилі Сурет Серікбол Хасанның фейсбук парақшасынан алынды

Құрманғали Қосшығұловтың Ford (Model T) автомобилі

Сурет Серікбол Хасанның фейсбук парақшасынан алынды

Қосшығұл әулеті Қазақстандағы капитализмнің алғашқы элементтерін енгізуге талпынған әулеттердің бірі болды. Алайда 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін орнаған жаңа кеңестік билік олардың әлеуметтік-экономикалық негізін күйретті. 1928 жылдан бастап жүргізілген кәмпескелеу науқаны кезінде әулеттің мал-мүлкі, өндірістік орындары мемлекет қарамағына алынды. Әулет өкілдері қуғын-сүргінге ұшырап, балалары жан-жаққа бас сауғалап кетеді. Қосшығұлұлы әулетінің тағдыры – қазақ тарихындағы күрделі кезеңнің көрінісі. Олар өз дәуірінде кәсіпкерлікке ден қойып, өндіріс пен сауданы дамытумен қатар, ұлттың оянуына, «Алаш» идеясының жүзеге асуына да қолдау көрсеткен тұлғалар еді. Алайда ХХ ғасырдың аумалы-төкпелі саяси оқиғалары олардың бастамаларын аяқсыз қалдырды. Соған қарамастан, Қосшығұлұлы әулетінің ісі – қазақ даласында кәсіпкерліктің, ұлттық экономикалық ойдың алғашқы қадамдары ретінде есте қалады.