Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Ғылым

Адам ми мағына іздейді екен – ми туралы жаңа зерттеу жарияланды

Адам ми мағына іздейді екен – ми туралы жаңа зерттеу жарияланды
Фото: коллаж arasha.kz

Адам баласы неге фильм көргісі келеді? Неге біреу роман оқып отырып жылайды, ал енді бірі қиял-ғажайып әлемге қайта-қайта орала береді? Бұл жай ермек пе, әлде адам санасының терең қажеттілігі ме?

Нейроғылымдағы соңғы зерттеулер қызық жауап ұсынып отыр: адам миы әлемді құр факт ретінде емес, хикая ретінде қабылдайды. Тіпті біз өз өмірімізді де оқиға желісі арқылы түсінеміз. Ғалымдардың айтуынша, адам санасы шындықты сол күйінде қабылдамайды – оны өңдеп, мағына беріп, қисынды сюжетке айналдырады.

Сондықтан адамзат мыңдаған жыл бойы аңыз айтып келеді. Сондықтан кино индустриясы миллиардтаған доллар табады. Сондықтан біз өз өмірімізді де «оқиға» ретінде сезінеміз.

Миымыздағы «ішкі сценарист»

Нейробиолог Майкл Газзанига жүргізген тәжірибелер ғылымдағы ең таңғаларлық зерттеулердің бірі саналады. Ол миының екі жартышарының байланысы үзілген адамдарды бақылаған.

Сол тәжірибелердің бірінде пациенттің оң жақ миына «қоңырау», ал сол жақ миына «музыка» сөзі көрсетіледі. Кейін адамнан суретті таңдау сұралғанда, ол қоңырауды көрсетеді. Бірақ мәселе таңдауда емес еді. Ең қызығы – одан «неге?» деп сұрағанда басталады.

Сөйлеуге жауапты сол жақ жартышар нақты себепті білмесе де, дереу қисынды жауап ойлап табады:

«Қоңыраудан музыка шығады ғой».

Яғни миымыз кейде шындықты емес, түсінікті нұсқаны ұсынады.

Ғалымдар мұны мидағы «интерпретатор» жүйесімен байланыстырады. Оның міндеті – біздің әрекеттерімізді реттеп қана қоймай, өзімізді «біртұтас адам» ретінде сезіндіру.

Біз әлемді қалай көреміз?

Көп адам сананы камера секілді жұмыс істейді деп ойлайды: көз көреді, ми қабылдайды. Бірақ шындық әлдеқайда күрделі.

Ми ақпаратты бөлшектеп емес, контекст арқылы өңдейді. Мысалы, «маус» сөзі тышқанды да, компьютер тінтуірін де білдіруі мүмкін. Бірақ сіз:

«Компьютердің жанында маус жатыр» деген сөйлемді естіген сәтте, ми автоматты түрде компьютер тінтуірін елестетеді.

Бұл – біздің санамызға дейін бейсаналық деңгейде үлкен процесс жүретінін көрсетеді. Яғни біз әлемді «сол күйінде» көріп жүрген жоқпыз. Бізге миымыз өңдеп берген нұсқа ғана жетеді.

Неге әр адам әлемді әртүрлі қабылдайды?

Бір оқиғаға екі адамның реакциясы неге екі бөлек болады? Неге бір фильм біреуді өзгертеді, ал екіншісіне әсер етпейді?

Себебі әр адамның ішкі «интерпретаторы» әртүрлі жұмыс істейді.

Адамның балалық шағы, қорқынышы, өмірлік тәжірибесі, ортасы – бәрі ми құрастыратын «ішкі хикаяға» әсер етеді. Сондықтан адамдар бір әлемде өмір сүрсе де, оны әртүрлі көреді.

Бәлкім осы себепті бір адам өмірді мүмкіндік деп қабылдаса, екіншісі оны қауіп ретінде көреді.

Фантастика мен кино бізге не үшін керек?

Ғалымдардың айтуынша, көркем әдебиет пен фантастика – мидың жаттығу алаңы.

Адам кино көріп отырғанда немесе роман оқығанда, ми оны жай бақылап отырмайды. Кейіпкердің қорқынышын, шешімін, күйзелісін іштей бірге өткізеді.

Сол себепті жақсы фильмнен кейін адам өзгереді. Кейде бір кітап адамның бүкіл өмірін басқа арнаға бұрып жібереді.

Нейроғылым мұны былай түсіндіреді:

адам миы қиялдағы тәжірибені де шынайы тәжірибе сияқты қабылдай алады.

Яғни фантастика – бос қиял емес. Бұл адам санасының болашаққа дайындалу тәсілі.

Хикаясыз адам өмір сүре ала ма?

Бәлкім, ең қызығы да осы сұрақ шығар.

Адамзат тарихына қарасақ, барлық өркениет ертегі айтқан. Аңыз шығарған. Батыр ойлап тапқан. Құдайлар туралы мифтер құрастырған. Кейін роман жазды, театр ойлап тапты, кино түсірді.

Өйткені адам миы мағына іздейді.

Ал мағына көбіне хикая арқылы пайда болады.

Сондықтан адам баласы ақпаратқа емес, оқиғаға тәуелді. Біз фактіні емес, сюжеті бар дүниені есте сақтаймыз. Мүмкін дәл сол себепті өмірдің өзін де ішіміздегі көрінбейтін сценарист құрастырып жатқан шығар.