Германия канцлері Фридрих Мерц Ресей президенті Владимир Путин мен Украина басшысы Владимир Зеленскийдің тікелей келіссөздері Швейцарияның Женева қаласында өтуі ықтимал екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, Женева – атысты тоқтату жөніндегі келісімге қол қоюға қолайлы орын. Бұл туралы ол Берлинде Швейцария президенті Карин Келлер-Зуттермен өткізген бірлескен баспасөз мәслихатында айтты.
Мерцтің сөзінше, ол бұл ұсынысты 4 қыркүйекте Парижде өтетін Украина жөніндегі "ынталылар коалициясының" жиынында ресми түрде көтермек. Айта кетейік, бұған дейін Франция президенті Эмманюэль Макрон да келіссөздерді Женевада өткізу идеясын қолдаған еді.
Өз кезегінде Швейцария президенті Келлер-Зуттер де ел билігінің екіжақты кездесуді ұйымдастыруға дайын екенін растады. Оның пікірінше, көптеген халықаралық ұйымның штаб-пәтері орналасқан Женева бейбіт диалогқа "ең қолайлы қала" болып саналады.
"Ең бастысы – тараптар сөйлесіп, алға қадам жасауға тырысса, бұл соғысты тоқтатуға мүмкіндік туар еді. Дегенмен, бәрі келіссөз үстеліне отыруға деген дайындыққа байланысты", – деді ол.