Logo
Іздеу
Айдарлар

"Жетім бала сияқты": Тоқаев премьер-министр Бектеновке 10 күн уақыт берді

/
"Жетім бала сияқты": Тоқаев премьер-министр Бектеновке 10 күн уақыт берді
Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында үкіметке инвестиция тарту жүйесін толықтай жаңғырту жөнінде нақты жоспар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Президенттің айтуынша, қазіргі инвестиция саясатының тиімділігі төмен, ал қаражаттың негізгі бөлігі шикізат саласына бағытталып отыр. Ол өндіріс пен өңдеу өнеркәсібіне көбірек қаржы тарту қажеттігін атап өтті.

"Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет.
Бірақ қазір тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет.
Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек.
Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет. "Инвестицияға тапсырыс" өндірістің сұранысына сай жасалуы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге, ол еліміздегі инвестиция тарту жүйесінің күрделі әрі шашыраңқы екенін, қағазбастылық пен құзыреттердің қайталанатынын сынға алды.

"Ал қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту – кезек күттірмейтін мәселе, бізге жаңа ұстаным керек.Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей премьер-министрге жүктеледі. Жаңа министрлік құрудың қажеті жоқ. Бірақ, көзге оттай басылатын нәрсе: елімізде бірде-бір мекеменің атауында инвестиция деген сөз жоқ. Инвестиция тіпті, жетім бала сияқты үш-төрт мекемеге ортақ мәселе болып, өз жолын таппай жүр. Сондықтан премьер-министр он күн ішінде нақты ұсыныс беруге тиіс", – деді мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, президент үкіметке инвестиция тарту жүйесін барынша қысқа мерзімде жаңғырту жөнінде іс-шаралар жоспарын дайындауды тапсырды.