Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанның бір палаталы парламенті жайлы өз көзқарасын бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz сайты ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.
«Бұл жай ғана механикалық өзгеріс емес. Мұнда жаңа, бірыңғай бір палаталы парламент құру туралы сөз болып отыр. Ол парламенттің өкілеттіктері біріктіріледі, депутаттарды сайлау тәртібі өзгереді, депутаттар саны да өзгеруі мүмкін. Бұл – біздің саяси жүйеміздегі жаңа институт болады. Біз сенеміз: егер халықтық талқылаудан, референдумнан кейін азаматтар тиісті шешімді қолдаса, бұл институт еліміздің әрі қарайғы демократиялық дамуы тұрғысынан өте маңызды рөл атқарады», – деді Әшімбаев сенаттың кулуарында.
Еске сала кетейік, 8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламентті бір палаталы ету жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Қазақстан сенатын тарату туралы референдум 2027 жылы өтуі мүмкін. Бір палаталы парламент сайлауын Тоқаев партиялық тізімдер бойынша өткізуді жөн деп санайды.