Logo
Іздеу
Айдарлар

Саяси стендап: қай депутат қандай мәлімдемесімен есте қалды?

/
Саяси стендап: қай депутат қандай мәлімдемесімен есте қалды?
Фото: коллаж arasha.kz

Депутат Ардақ Назаровтың Парламент төрінде пленарлық отырыста регламентті бұзып, анасын туған күнімен құттықтауы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Өкінішке қарай, Кеген, Райымбек, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр және Талғар аудандарының округінен сайланған депутат сөзін көңіл айтудан бастаған жоқ, Талғарда Шерзат ісінен кем түспейтін қылмыстың полиция салғырттығынан орын алғанын айтпады. Естеріңізге сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Талғарда қыз зорлап, бірақ қамауға алынбаған күдікті жәбірленушінің 30 жастағы ағасын өлтіріп, 2 жасар сәбиді ұрлап, кепілдікте ұстаған. Оқиға салдарынан балаға шұғыл операция жасалғаны белгілі боп, қоғам дүр сілкінген еді. Алматы облысының сайлаушылары Ардақ Назаровтан «өлмейтін тақырыптағы» мәселені емес, күйіп тұрған проблема, атап айтсақ, қылмыстық ахуалдың нашарлауы, полицияның дер кезінде күдіктіні ұстамауы, жәбірленушілердің қорғауға алынбауы, жалпы білім мен тәрбие саласындағы олқылықтар жайлы айтса дейді. Айтпақшы, бұл Ардақ Назаровтың қоғам наразылығын туғызған алғашқы мәлімдемесі емес. Бұған дейін депутат Шерзат ісі бойынша Талғарға мобилографымен барып, сурет-видеоға түскені үшін қоғамның сынына ұшыраған еді.

Cпортшы не деп ақталды?

Ertenmedia хабарлауынша, Назаровтың әрекетінен соң Мәжіліс регламенті мен депутаттардың мінез-құлық кодексіне түзету енгізілуі ықтимал екен. «Бұл мәселеге байланысты Мәжіліс спикері Қошановтың тарапынан да қатаң ұстаным байқалады. Ерлан Жақанұлы орынбасарларына депутаттық мәлімдемелердің тәртібін қатаң қадағалауды, жеке сипаттағы мәлімдемеге мүлде жол бермеуді тапсырған» делінген ақпаратта. Олай болса, жеке бас пен елдік мәселелерді араластырмау қатаң қадағалануы керек. Бірақ спортшы депутат елдің сынына Инстаграмдағы парақшасында жауап берді. Өз кезегінде Ардақ Назаров:

- Анасын туған күнімен құттықтады деп даурығып жатқан жандарға жол болсын. Кеше ғана әкесін қан-жоса етіп тепкілеп, боқтаған видеоны баршаңыз көрдіңіздер. Бұл қабырғамызды қақыратып, жүрегімізді сыздатты. Оны көрген жас ұрпақ ертең оны қайталамасына кім кепіл? – дей келе, сөзін былай жалғастырды: «Бірақ дәл осындай сәтте елге ой салсақ, өскелең ұрпаққа сабақ болса деген ниетпен биік мінберден, биік – Анаға деген құрметімді жеткізгім келді. Мәселе – парламент төрінде құттықтағанымда емес. Мәселе – қайда жүрсең де, қандай қызмет атқарсаң да, мейлі кім болсаң да ата-анаңды құрметтеуді ұмытпауда» деп жазды.  

Желі қолданушылары «мұндай арзан ұпайдың не қажеті бар», «бұл бір отбасының қайғы-қасіреті ғой», «отырыс болмаса, анамның жанында болар едім» деуі қалай», «мандатынан тапсырсын да анасының жанында отырсын» деген сыңайда пікірлер білдірді. Екінші жағынан, Ардақ Назаровты қолдаған топ та табылды. Олар «мұның еш әбестігі жоқ, Мәжілісте анасын құттықтаған нағыз азамат екен» дегендей пікірлер де жазылды.

Бұдан бөлек депутат өз парақшасында: «Біз үшін талқылайтын бұдан да маңызды мәселелер бар. Тоқтаусыз ажырасулар, қыздардың қорлануы, тастанды сәбилер, ұрлық, алаяқтық, есірткі, арақ, зинақорлық, кісі өлімі және жетімдер үйінің қаракөздерге толуы» деді. Бірақ Талғарды бірнеше күннен бері дүрліктіріп отырған депутат айтқан «кісі өлімі, қыздың қорлануымен» аяқталған іске қатысты ешқандай депутаттық сауал жолданған жоқ қазірше...

Белгілі журналист Аида Қожмамбетова «Алматы облысының тұрғыны, сайлаушысы ретінде ОСК-ға шағымданамын, дәл осы кісі облысты ұшпаққа шығармай-ақ қойсын» дейді.

– Алматы облысы Бесағаш ауылының тұрғыны ретінде Ардақ Назаровқа дауысымды бердім, себебі жас қой, амбициясы ұрып тұр, халыққа қалтықсыз қызмет етуге аянбайды деп ойладым әрі спорт саласындағы жетістіктерінен де хабарым болды. Бірақ сайланғалы қаншама жыл болды, Алматы облысының бір өзекті мәселесін мінберден айтқанын көрмеппін. Білім басқармасында қанша былық болды, арыз тастап көрдік, жауап болмады. Талғарда қаншама қылмыс орын алып жатыр, жергілікті сайлаушыларды құрметтеп, ІІМ-ге, басқа да органдарға депутаттық сауал жолдар деп күттік, тағы да үнсіздік. Есесіне анасын құтықтауға уақыт тауыпты. Менің ойымша, халық сайлап, сондай мінберге халықтың арқасында барған соң ел мүддесі отбасы мүддесінен биік тұруы керек еді. Өз басым ОСК-ға шағым түсіремін деп отырмын, сайлаушы ретінде атқарған жұмыстарын сұрауға құқым бар шығар, - дейді белгілі журналист.

Сондай-ақ, желі қолданушылары кезінде өз дауыстарын Рысбек Сәрсенбаевқа бергендерін жарыса жазып жатыр. Олар Парламент регламентін, депутат этикасын сақтамайтын саяси тәжірибесі аз азаматтар ресми билік органдарының беделіне қаяу түсіреді деген ойда. Өздері дауыс берген кандидаттың сайланбағанына өкініш білдіруде. Бұл өз кезегінде елдің саяси талап-сұранысының, қажетілігінің артқанын көрсетеді.

Халықты күлдірген депутаттар

Мәжілісте Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтан журналистер Ардақ Назаровтың пленарлық отырыста анасын құттықтауы қаншалықты орынды болғанын сұрады. Бұған танымал саясаткер «көрші палатада депутаттардың не айтып жатқаны туралы пікір білдірудің дұрыс еместігін» жеткізді және бұған дейін Сенатта мұндай жағдайдың болмағанын екшеп айтты.

Не шықса да, Мәжілістен шыға ма? Бұған дейін бұрынғы депутат Тәңірберген Бердоңғаров өз әріптестерін «Кеңес Одағы әскерінің күнімен» құттықтап, тек мәжілісмендердің ғана емес, жалпы қоғамның сынына ұшырады. Экс-депутат Бекболат Тілеухан: «Қазақстан күнтізбесінде мұндай қызыл дата жоқ. Бұл қандай мереке? Әріптестерімнің не үшін қол соққанын да түсінбедім» деп наразылығын білдірген еді. Депутаттар Бердоңғаровтың қылығын саяси қателік деп бағалады. Бірақ Бердоңғаров өз сөзінен қайтпай: «Мен әрқашанда 23 ақпанды атап өтіп жүрем» деп мәлімдеді.

Патриархалды қоғамда әйелдерге қарсы мәлімдемелер жоғары мінберлерден оқта-текте айтылып қалады. Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасылық жанжалға қатысты пікір білдіріп, ел наразылығын туғызған еді. Өз сөзінде ол:

- Бақытсыз еркектер ғана әйелге қол көтереді. Барлық жанжал ұрып-соғудан басталмайды. Ер азаматтарды да түсіну керек. Көп жағдайда жанжал әйелдердің ащы тілінен басталады, - деген еді.  

Бұл «әйел тілінен табадының» керін келтіріп, отбасылық жанжалға біржақты диагноз қойғандай әсер қалдырған соң, қоғамды дүрліктірді. Екінші жағынан Анас Баққожаевтың үй жануарларын стерилизациялауға қарсылығы да қоғам талқысына түсті. Ол бір сөзінде: «Бәрі көбейгісі келеді, мен де көбейгім келеді. Микробтарға дейін көбейеді. Дұрыс па? Күлмеңіздер. Бірақ мәселе стерилизациялауға келгенде, біз жануарлардан көбею құқығын тартып аламыз» деген еді. Бұл тұста «бәрі көбейгісі келеді, мен де» деген халық қалаулысы «ащы тілді» әйелдердің көбейткісі келе ме, жоқ па, ол жағын сұраған-сұрамағанын айтпаған еді.

Бұрынғы сенатор Бірғаным Әйтімованың да біраз мәлімдемесі өз заманында қоғам талқысына түскен еді. Ол бір сөзінде: «Сендер депутаттарды сынағанды жақсы көресіңдер. Ал оларды кім сайлады?» деп төтесінен сауал тастаған болатын. Ал оның келесі сөзі тіпті ТМД аумағында таралып кетті:  

- Жалпы қазақтар мақсатшыл халық қой... Біз басқа ұлтпыз. Біз туғаннан оқи аламыз, жаза аламыз. Сондықтан біз білім саласында тек алға жылжи береміз, - деген еді. Бірғаным Әйтімованың мәлімдемелері украиналық, ресейлік сатиралық шоулардың сөз мәйегіне айналды. Тіпті, жүргізушілер «Кличкомен тең деңгейде сөз таластыра алатын адам табылды» деп әзілдеді.

Экс-депутат Гүлжан Қарағұсованың сөздері тіпті ел ішіне мақал-мәтелдей таралды. Мемлекеттік тіл – қазақ тілінде толыққанды сөйлей алмайтын саясаткер тіл мәселесін де көтеріп: «Тілі бар халық – халық, тілі жоқ халық – балық» деп мәлімдеді. Бұдан бөлек ол журналистердің «жаңадан сайланған парламентарийлердің Астананың ең қымбат қонақүйлеріне орналасуы қаншалықты дұрыс» деген сұрағына: «Кімді қалай бағып-қақсаң, сол солай жұмыс істейді» деп, күлкіге қалды. Тіпті, шуба киген Қарағұсова мен шахтадағы ауыр жұмыстан үсті-басы қап-қара болған шахтерлардан суреті салынған мем де тарады. Астында «Кімді қалай бақсаң, сол солай жұмыс істейді» деген «қанатты сөз» тұрды.

Сондай-ақ, танымал саясаткерлер Серік Жұманғариннің «Жынымды келтірмеңізші», Азат Перуашевтің «Штрафстан салып жатырсыздар», Жандарбек Бекшиннің «Ақыры коронавирус та келді-ау», Нұрсұлтан Назарбаевтың «Екі сиыр алып, бағыңдар. Бау-бақша өсір де сүтін сат» деген сөздері әлі де халықтың жадында.

Жоғары мінберлерден айтылатын, кәсіби стендап әртістерінен кем түспейтін қызық мәлімдемелер де қоғам өмірінің бір бөлшегіне айналды. Желі қолданушылары «Бұл қоғам назарын басқа жаққа аудару әрекеті. Шын проблемаларды талқылудан қаламыз» деп те алаңдайды. Бірақ екінші жағынан бұл кез келген спикерге үлкен сабақ. Өз қателігін мойындап, халыққа жақындығын дәлелдеген саясаткерлер елдің жылы ықыласына бөлініп жатыр. Мәселен, кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарған Серік Әбденов «Өйткені, өйткені...» деген сөзі үшін әбден сыналған еді. Бірақ кейін ол «Қазақ мектебін бітіргесін, қазақша ойлап, орысшаға аударам дегенше ойын жинақтай алмағанын» жеткізгесін бүкіл елдің жүрегі жылып, оған оң көзқараспен қарай бастады. Бір сұхбатында Серік Әбденов «Өйткені, өйткені менің брендіме айналды» деп те ағынан жарылған. Бірақ оңынан шешілген бір ғана жәйт саясаткерлердің этиканы аттап өтіп, аңдамай сөйлеуіне себеп болмаса керек.