Logo
Іздеу
Айдарлар

Венесуэла АҚШ-қа қыр көрсету үшін ресейлік Су-30 жойғыштарын көрсеткен

/
Венесуэла АҚШ-қа қыр көрсету үшін ресейлік Су-30 жойғыштарын көрсеткен
Фото: коллаж arasha.kz

Венесуэла билігі Кариб теңізіндегі Орчила аралында үш күндік әскери оқу-жаттығулар өткізіп, 2500-ден астам әскерін жұмылдырды.

«Caribe Soberano 200» деп аталған маневрлер әуе, теңіз және құрлықтағы операцияларды қамтиды. Қорғаныс министрі Владимир Падриноның айтуынша, жаттығуларға 12 әскери кеме, 22 ұшақ және 20-ға жуық шағын кеме қатысқан. Мемлекеттік теледидар тікелей эфирде десанттың түсуін, кемелердің маневрлерін және әскери ұшақтардың ұшуын көрсетті. Падрино мұны АҚШ әскери-теңіз күштерінің аймақтағы белсенділігіне жауап ретінде бағалады.

Жаттығулар барысында Венесуэла ресейлік Су-30 жойғыштарын да көрсетті. Олар Ресейде жасалған Х-31 «Криптон» атты кемеге қарсы зымырандармен жабдықталған. Бұл зымырандар елге 2007-2008 жылдары жеткізілген. Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының мәліметінше, Венесуэла бүгінде Су-30МК2 үлгісіндегі 21 жойғыш ұшақты пайдаланады. Дегенмен елдің соңғы онжылдықтағы экономикалық қиындықтарына байланысты олардың нақты қаншасы іске жарамды екені белгісіз.

Әскери сарапшылардың пікірінше, Венесуэланың бұл қадамы – аймақтағы күш теңгерімін көрсетіп, АҚШ-қа саяси-әскери сигнал беру әрекеті.