Logo
Іздеу
Айдарлар

Ресейге оқуға кеткен үндістандық жігітті соғысқа мәжбүрлеп алып кеткен

/
Ресейге оқуға кеткен үндістандық жігітті соғысқа мәжбүрлеп алып кеткен
Сурет: ашық дереккөзден

Үндістаннан Санкт-Петербургке оқуға барған жігітті Украинадағы соғысқа жіберген. Бұл туралы The Times of India жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Басылымның мәліметінше, 30 жастағы Ракеш Кумар тамыз айының басында оқуға қабылданған соң студенттік виза арқылы Ресейге барған. Алайда бірнеше күннен кейін ол Үндістандағы туыстарына қиын жағдайға тап болғанын ишаралай бастаған.

30 тамызда Ракеш ағасына өзін мәжбүрлі түрде Ресей армиясына шақырып, жақын арада Украинадағы соғысқа аттандыратынын айтқан. Осы әңгімеден кейін оның телефоны байланыссыз қалған, ал біраз уақыттан соң туыстарына Ракештің әскери киімдегі суретін жіберген.

Бірнеше күн өткен соң ол Ресейдің бейтаныс нөмірінен қайта хабарласқан. Ракеш мазасыз күйде төлқұжаты мен жеке құжаттарын тартып алғанын, ресми электрондық хаттарды өшіргенін айтқан. Сондай-ақ ол Донбасста әскери дайындықтан өтіп, кейін майданға жіберілгенін мәлімдеген. Бұл — оның отбасымен соңғы рет сөйлесуі болған. Жақындары Үндістан Сыртқы істер министрлігіне, Мәскеудегі елшілікке және жергілікті билікке жүгінген.

«Оның тірі екенін де білмейміз. Біз тек үкіметтен оны аман-есен үйге қайтаруын қалаймыз», — дейді Ракештің ағасы.

The Times of India-ның жазуынша, бұл соңғы айларда болған алғашқы жағдай емес. Кемінде 20 үндістандық Ресейге оқу немесе жұмыс үшін шақырылдым деп барып, кейін мәжбүрлі түрде Ресей армиясына алынғанын айтқан.