Logo
Іздеу
Айдарлар

"Каспий теңізі күннен күнге тартылып барады": Тоқаев БҰҰ мінберінде мәселе көтерді

/
"Каспий теңізі күннен күнге тартылып барады": Тоқаев БҰҰ мінберінде мәселе көтерді
Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында сөз сөйлеп, экология және климат мәселелеріне ерекше тоқталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары әлемдегі климаттың өзгерісі алаңдатарлық деңгейге жеткенін атап өтті.

"Былтыр адамзат тарихындағы ең ыстық маусым болды. Бұл ретте Орталық Азияда ауа температурасы әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жоғары болды. Алатау мұздықтары тез ери бастады. Бұл миллиондаған халықтың су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді", – деді Қ. Тоқаев.

Президент Қазақстанның Арал теңізін сақтап қалу тәжірибесін еске алып, бұл бағыттағы халықаралық ынтымақтастықтың жалғасатынын айтты. Сонымен қатар, ол Каспий теңізінің тартылу проблемасына ерекше назар аударып, аймақтық және жаһандық деңгейде бірлескен шаралар қабылдауға шақырды.

"Каспий теңізі күннен күнге тартылып барады. Бұл бір ғана өңірдің емес, бүкіл әлемнің алаңдауына себеп болатын мәселе. Сондықтан серіктестерімізді және халықаралық қоғамдастықты Каспийдің су қорын сақтау үшін жедел қадамдар жасауға шақырамын", – деді ол.

Тоқаев One Water саммиті туралы айтып, су тапшылығының алдын алу үшін халықаралық үйлестіру, инвестициялар мен орнықты шешімдердің қажет екенін жеткізді. Осыған орай, келесі жылы сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммит өткізілетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар, Президент елімізде жүзеге асырылып жатқан "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясына тоқталды. Бұл қозғалысқа миллиондаған еріктілер қатысып, қоқыс жинау, тазалық сақтау және экологиялық білім тарату жұмыстарына үлес қосуда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бастамасымен 2026 жылдың "Орнықты даму мақсаттары жолындағы Халықаралық еріктілер жылы" болып жарияланғанын да атап өтті. Сөз соңында Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясына жаңа ұсыныс жасады:

"22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынамын", – деді Тоқаев.