АҚШ әкімшілігі Газа секторындағы қақтығысты аяқтауға бағытталған Дональд Трамптың жаңа жоспарын таныстырды. Құжатта бірқатар маңызды шарттар көрсетілген.
Жоспарға сәйкес, Израиль Газаны оккупацияламайды және аннексия жасамайды. Сектор тұрғындары да күштеп көшірілмейді. Газа «дерадикализацияланған, терроризмнен азат аймаққа» айналып, көрші елдерге қауіп төндірмейтін болуы тиіс. Сондай-ақ онда арнайы экономикалық аймақ құрылып, басқаруды уақытша әкімшілік өз мойнына алады.
АҚШ Газадағы қауіпсіздікті уақытша қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл үшін халықаралық және араб әріптестердің қатысуымен тұрақтандырушы күштер орналастырылмақ.
Жоспардың ең маңызды тармақтарының бірі – тұтқындарды қайтару. Израиль келісімді ресми түрде қабылдағаннан кейін 72 сағат ішінде барлық кепілдегілер босатылуы тиіс.
Одан кейін Израиль өмір бойына сотталған 250 адамды және 2023 жылғы 7 қазаннан кейін ұсталған 1700 газалықты босатады.
Құжатта ХАМАС мүшелеріне де мүмкіндік берілген. Қаруды тастап, қарулы күрестен бас тартқан жағдайда оларға амнистия жарияланады.
Ақ үйдің жоспары екі тараптың келісіміне байланысты. Егер Израиль мен палестиндік тарап ұсынысты қабылдаса, соғыс бірден тоқтатылады.