Logo
Іздеу
Айдарлар

Өскемендегі "Magnum" супермаркетінде мерзімі өткен тауарлар жаппай сатылғаны анықталды

/
Өскемендегі "Magnum" супермаркетінде мерзімі өткен тауарлар жаппай сатылғаны анықталды
Magnum

Өскеменде орналасқан "Magnum" супермаркетінен мерзімі өтіп кеткен өнімдердің жаппай сатылымы анықталды. "Жаңа адамдар" қозғалысының белсенділері жүргізген "Время истекло" азаматтық науқаны аясындағы тексеріс барысында жарамдылық мерзімі біткен тауарлардың бірнеше арбасы табылды. Кейбір өнімдердің қолдану уақыты бір жылдан астам уақыт бұрын өтіп кеткен, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тексеріс кезінде барлық заңбұзушылықтар тіркеліп, дүкенге ескерту жасалды. Басшылық жағдайды түзетуге уәде бергенімен, бір айдан соң қайта жүргізілген рейд кезінде мәселе шешілмегені анықталды. Керісінше, мерзімі өткен өнімдер саны көбейіп, олардың қатарынан ет және қышқыл-сүт тағамдары да табылған.

Белсенділер бұл жағдайды қоғамға көрсету үшін ерекше акция өткізді. Олар үш бөшкені мерзімі өткен тауарлармен толтырып, "Magnum мерзімі өткен тауарларды сатады" және "Бұл қоқыс – сіздерге сатпақ болған өнім" деген жазуы бар арнайы газель көлігіне тиеп, қаланы аралап шықты. Кейін "УЛЫ ЗАТ" деп жазылған бөшкелерді химқорғау костюмдерімен супермаркетке әкеліп, ресми түрде қайтарды.

Акция барысында Өскемендегі сауда желісіне жауапты директор дүкенге келіп, белсенділермен бірге сөрелердегі мерзімі өткен өнімдерді көрді. Ол тауарларды жою жұмысына қатысып, мұндай жағдай қайталанбайтынына уәде берді.

"Жаңа адамдар" қозғалысының өкілі Амина Аманбаева бұл жағдайды тек сапасыз тауар мәселесі емес, қоғамдағы бейқамдықтың көрінісі деп бағалады.

"Мерзімі өткен тауар – мерзімі өткен сана. Бұл – кейінге қалдыру, елемеу, ұмыту әдеті. Демек, мәселе тек тамақ не заттар туралы емес, бұл – іске, адамдарға, уақытқа деген қарым-қатынас туралы. Келесі жолы дүкенге кіргенде жай ғана өтіп кетпеңіздер: мерзімі өткен өнімді көрсеніздер – суретке түсіріп, бізге жіберіңіздер. "Время истекло" – тек мерзімі өткен тауарларға қарсы күрес емес, бұл – мерзімі өткен санаға қарсы күрес. Өзгеріс әрқайсымыздан басталады", — деді ол.

Белсенділердің пікірінше, тұрғындар назарын аударып, қоғам болып әрекет еткенде ғана мұндай заңбұзушылықтардың алдын алуға болады.