Қазақстандық футбол тарихындағы ең үлкен оқиғалардың бірі – «Қайраттың» «Реал Мадридпен» ойыны, өкінішке қарай, спорттық талқылаудан алыстап, қоғамдық дауға айналды. Негізгі тақырып футболшылардың өнері емес, президент жанындағы журналист Әділ Балтабаев пен продюсер, шоумен Нұрлан Қоянбаев арасындағы жанжал болды. Әлеуметтік желілерде басталған пікірталас қысқа айтыс қана емес, түрлі оқиғалардың бетін ашқан, нағыз ақпарат майданына айналды деуге болады.
Балтабаевтың жазбасы және отқа май құйған пікір
Ойыннан кейін Ә. Балтабаев әлеуметтік желіде футболшыларды қорғап, алматылық блогерлерді «Қайратқа» жаппай қолдау көрсетуге шақырды. Оның пікірінше, қарсыласы әлемнің үздік клубы болған сәтте мазақ пен стеб орынсыз еді. Бірақ жазбада Нұрлан Қоянбаевтың аты аталып кеткені көпшілікті ашуландырды.

Көп ұзамай Қоянбаевтың жауабы келді:
«Президенттің жанында жүріп құтырып кетіпсіз ғой. Коянбаев емес, хотя бы Нурлан Коянбаев деп жазбайсыз ба. Патриот болсаңыз, неге қазақша жазбайсыз?»

Бұл реплика көпшіліктің көңілінен шықты. Қазақ тілі мәселесі, қоғам алдындағы құрмет, қарапайым этика сынды мәселелер қайтадан күн тәртібіне шықты.
Көпшілік үшін Нұрлан Қоянбаев – тек әзілкеш емес. Ол ондаған жыл бойы қазақстандық мәдениетті, киноны, юморды, спортты дамытуға күш салған тұлға. Сондықтан Балтабаевтың сыны Қоянбаевқа бағытталғанда, халықтың ашуы тіпті күшейді. Көптеген пікірлерде «Қоянбаев – халыққа жақын, ал Балтабаев – халықтан алыстаған» деген қарама-қайшы образдар салыстырылды.
Тимур Казьмин есімді азамат Балтабаевтың алғашқы жобалары жаңа леп әкелгенін айта отырып, соңғы жылдары ол классикалық журналистикадан алыстап, «микрофон ұстаған шенеунікке» айналғанын жазды.
Балтабаевтың кей іссапарлары халықтың салығы есебінен жүріп жатқанымен, контент көбіне Freedom банкі мен белгілі қаржыгерлерді жарнамалауға ұқсайтынын сынға алған.
Мәлік Хасенов (КВН ойыншысы): «Мен 15 жыл бойы Нұрланмен сахнада болдым, ешқашан фамилиясымен атамадым. Ол – Қазақстанның ең үлкен патриоты. КВН идеологиясын ауылдық деңгейден халықаралық сахнаға шығарған да Коянбаев», деп продюсерді жақтап пост салған.

Бауыржан Жұмағалиев есімді қолданушы, Балтабаевтың мемлекеттен әлеуметтік жағдайы төмен топтарға берілетін пәтер алғанын еске салып, «адалдық пен әділдік қайда?» деген сұрақ қойды. Оның айтуынша, көпбалалы аналар мен мұқтаж журналистер баспанаға зәру болып отырғанда, бизнес-класқа мініп, жаңа телефон ұстап жүрген Балтабаевтың пәтер алуы қоғамға оғаш көрінеді.
Әйгерім Әбілмәжитова есімді желі қолданушысы «Егер Қоянбаевты сынайтын болсаңыз, өзіңізге берілген пәтерден бас тарттыңыз ба? Ол пәтерлер мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға арналмаған ба еді?» – деп мәселені одан әрі қаузаған.
Журналист Мөлдір Бақыттың жазуынша, бір күн бұрын журналист Әділ Балтабаев Threads желісінде «Қайратқа» қолдау білдірмегендерге ренішін жеткізіп, әзілкеш Нұрлан Қоянбаевтың қалжыңын орынсыз деп атап өтті. Бұған Қоянбаевтың өзі «президенттің қасында жүрмін деп құтырып кеткен жоқсың ба?» деп жауап беріп, аты-жөнін дұрыс жазбағанын сынады.
Осыдан кейін Тредсте халық Коянбаевты жақтап, Балтабаевты сынға алды: оны «пропагандист», «шіренген шенеунік» деп айыптап, Ақордадан алған гранттары мен пәтерін, гламур өмірін алға тартты. Журналист: “Сейфулинның меңзеп тұрғаны Айгүл Әділова болуы керек. Ал жалпы, “Президент” жобасы “Кремль. Путин” деген жобаның көшірмесі екенін медиада жүргендер беске біледі. Павел Зарубин деген Путинның соңынан бір елі қалмай, жиын өтетін залдардан сыбырлап стендап түсіретін, Кремльдің көрнекті пропогандистерінің бірі", - деп Балтабаевтың жобасы туралы да сөз қозғаған.
Тарихта қалатын футбол ойынынан кейін басталған онлайн-дау күтпеген жерден қоғамдағы терең мәселелерді қозғап жіберді. Ә. Балтабаев пен Н. Қоянбаев арасындағы қақтығыс – жай ғана локалды айтыс емес, ол бүгінгі қоғамдық сұраныстың көрінісі іспетті.
Бұл дау әлеуметтік желіде жария сынның шегі, патриотизмнің шынайылығы және әлеуметтік теңсіздік жайлы үлкен талқыға айналды. Халық белгілі адамдардан бос сөзді емес, нақты іс-қимылды, әділдікті күтетінін анық аңғартты.