Қазақ эстрадасының танымал әншісі, халықтың сүйікті жұлдызы Мақпал Жүнісова желідегі парақшасында марқұм жұбайы, қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің бейнежазбасы мен суреттерін жариялап, көпшілікті тебірентті, деп хабарлайды Arasha.kz.
"Топырағыңыз торқа болсын, қайтып келмес күндерді қарап, бір күліп, бір жылап, өтіп жатқан өмір", – деп жазды Мақпал Жүнісова желідегі парақшасында.
Жарияланған видеода Мақпал Жүнісова мен Заманбек Нұрқаділов “Айша” есімді тотықұсына арнап ән айтып отырған сәт көрсетіледі. Бұл кадрлар көпшілікке өткен күннің сағынышын сездірді.
Оқырмандардың бірі әншіден "Айша" есімді тотықұстың қазіргі жайын сұрағанда, Мақпал Жүнісова былай деп жауап берді:
"Зәкеңнің туысқаны мен жоқта шомылдырып, тордың бір жағын жаппапты, негізі өзім ғана 10 жыл бойы душқа түсіріп, торын төрт жағынан екі сағатқа бүркеп тастайтынмын, кепкесін ашатынмын, ана қыз қымтамағасын, терезе ашық бопты, содан жел тиіп, өліп қалды", – деді әнші.
Желі қолданушылары Мақпал Жүнісоваға жылы лебіздерін білдіріп, Заманбек Нұрқаділовтің рухына дұға арнады.
"Дауысыңыз бұрынғыдай сыңғырлап тұр, Мақпал ханым. Заманбек ағамыздың жаны жәннатта болсын", "Қазақтың арысы еді, халық жадында мәңгі сақталады", "Сізге амандық пен ұзақ ғұмыр тілейміз, халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп жүре беріңіз", – деп жазды тыңдармандар.