Logo
Іздеу
Айдарлар

Оңтүстіктің жастары неге аста-төк той жасаудан бас тартып жатыр?

/
Оңтүстіктің жастары неге аста-төк той жасаудан бас тартып жатыр?
pexels.com

Соңғы уақытта оңтүстік өңірдің жастары арасында аста-төк, даңғаза той өткізуден бас тарту үрдісі кеңінен таралып келеді, деп Arasha.kz тілшісі POLITICO.KZ порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Жас келін Айдана Қожанова өзінің өмірінен мысал келтіріп, қарапайым той өткізудің артықшылығын айтып берді. Оның айтуынша, тойды шағын ортада, тек ең жақын адамдардың қатысуымен өткізген.

"Біз өте қарапайым той жасап үйлендік. Менде үлкен ұзату той болмады. Күйеуім 3 адам болып келді, ал біз 8 адам болдық. Кішігірім сырға салу болды", – дейді Айдана.

Ол, тіпті, дәстүрлі қалың мал мен мәһірді де талап етпегенін айтты. Оңтүстіктің салт-дәстүрге берік өңірінен шыққан келін болса да, ата-анасын қарапайым той жасауға көндірген.

"Ешқандай қалың мал, жасау, киіт сияқты шығындар болған жоқ. Өзім қайнап тұрған салт-дәстүр ұстайтын Оңтүстіктің тумасымын,ештеңеге қарамай ата-анамызға өзіміздің қалауды жасаттық. Күйеуім үйінде 40-50 адамға беташар-той есебінде өткізіп құтылдық. Ешқандай дүркіреген үлкен той болған жоқ. Артық шығын жасамай қосылдық, есесіне үйлі болдық", – деп бөлісті ол.

Айдананың жазбасы әлеуметтік желіде үлкен қолдау тапты. Көпшілік оның шешімін заманауи әрі орынды қадам деп бағалады.

"Өте дұрыс, өз ойы бар жастар көбейгені қуантады. Артық кредит, киітке бола ұрыс-керіс те жоқ. Бақытты болыңдар. Мұндай жастар жақсы тұрады деп сенемін", "Мен де осыны қолдаймын,қазақ беталды шашылудан әлемде бірінші орында ғой", "Артық шығын не керегі бар есесіне үйлі болдыңыздар", – деп пікір қалдырды желі қолданушылары.