Logo
Іздеу
Айдарлар

Париждегі атақты Лувр музейін тонап кетті

/
Париждегі атақты Лувр музейін тонап кетті
Сурет: видеодан скрин

Атақты француз мұражайының тоналғаны туралы мәдениет министрі Рашида Дати X әлеуметтік желісінде хабарлады. Ол оқиға орнында полиция және мұражай қызметкерлерімен бірге болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Le Parisien басылымының мәліметінше, қылмыскерлер Сена жағалауындағы жөндеу жүріп жатқан мұражай корпусының ішіне кіріп кеткен. Олар құрылыс сатысының (автобаспалдақтың) көмегімен «Аполлон» галереясына көтеріліп, терезелерді сындырған. Үшеуі ғимаратқа кіріп, төртіншісі сыртта қалған.

Ұрылар Наполеон мен императрицалардың зергерлік бұйымдар коллекциясынан тоғыз затты алып кеткен. Олардың арасында алқа, брошка және тияра бар. Ал 140 караттан асатын әйгілі Регент гауһары орнында қалған. Кейінірек басылым императрица Евгенияның сынған тәжін мұражай маңынан тапқанын хабарлады.

Лувр сол күні толығымен жабылды. Францияның ішкі істер министрі тонаушылар бүкіл операцияны небәрі жеті минут ішінде жүзеге асырғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Лувр тарихындағы ең атышулы ұрлықтардың бірі — 1911 жылы «Мона Лизаның» жоғалуы болған. Суретті ұрлаған адам кейін оны өзі қайтарған, бірақ бір шартпен — картинаны алдымен Италияда көрсету керек деген талап қойған.

Шынында да, туынды біраз уақыт Италияда қойылып, кейін қайтадан Луврға әкелінген. Содан бері ол бірнеше рет вандалдар мен экоактивистердің шабуылына ұшыраған.