Logo
Іздеу
Айдарлар

Израиль Газа секторына әуе соққыларын жасады

/
Израиль Газа секторына әуе соққыларын жасады
Сурет: ашық дереккөзден

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) өздерінің ресми Telegram-арнасында Газа секторындағы ХАМАС-тың террористік нысандарына әуе соққылары жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Израиль тарапы ХАМАС-ты бітім шартының өрескел бұзылуына айыптап, оған жауап ретінде соққылар берген.

«Жойылған нысандардың арасында қару-жарақ қоймалары, террористік әрекеттерге арналған инфрақұрылым, атыс позициялары, қарулы жасақтар және басқа да террористік объектілер болды», — делінген ЦАХАЛ мәлімдемесінде.

Сонымен қатар Израиль армиясы алты шақырымдық жерасты террористік инфрақұрылым жойылғанын хабарлады. Әскерилердің айтуынша, бұл нысандар ХАМАС тарапынан Израильге қарсы шабуылдарды ұйымдастыру үшін пайдаланылған.

«ХАМАС террористік ұйымы бүгін таңертең атысты тоқтату туралы келісімді өрескел бұзды. Израиль қорғаныс армиясы кез келген қауіпке табанды түрде жауап беруді және ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастырады», — деп мәлімдеді ЦАХАЛ.

Соған қарамастан, Израиль бітімге адал болып қалатынын айтты.

«Саяси басшылықтың нұсқауына сәйкес және ХАМАС тарапынан болған бұзушылықтарға жауап ретінде жасалған бірқатар маңызды соққылардан кейін, ЦАХАЛ атысты тоқтату режимін қамтамасыз етуді қайта жалғастырды. Армия келісімді сақтап, кез келген бұзушылыққа қатаң жауап беруді жалғастырады», — делінген Израиль армиясының хабарламасында.

Бұған дейін АҚШ пен Израиль ХАМАС-ты атысты тоқтату келісімін бұзды деп айыптағаннан кейін, Газа секторындағы бітім жағдайы күмән тудырған еді. Ал ХАМАС өзіне тағылған айыптауларды толық жоққа шығарды.

Сондай-ақ бұған дейін Дональд Трамп пен бірнеше елдің басшылары Мысырдағы саммит кезінде Газада бейбіт келісімге қол қойғаны хабарланған болатын.