АҚШ Президенті Дональд Трамп Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен алдағы уақытта өтетін кездесу барысында Украинадағы соғысты аяқтау жолдарын талқылауға үмітті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Трамп журналистермен президенттік ұшақ бортында сөйлесті. Ол Азияға бес күндік сапарға аттанды, онда Малайзия, Жапония және Оңтүстік Кореяға барады. Сондай-ақ жексенбі күні Куала-Лумпурда басталатын Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (АСЕАН) саммитіне қатысады.
Журналистер Трамптан Ресей мен Украина арасындағы соғысты реттеу мәселесінде Қытайдың көмегіне үміттенесіз бе деп сұрады.
«Біз Қытайдың Ресейге қатысты бізге көмектескенін қалаймыз, деді АҚШ Президенті. Біз Ресейге өте ауыр санкциялар енгіздік. Бұл санкциялар міндетті түрде өз әсерін береді деп ойлаймын. Алайда Қытайдың бізге көмектескенін қалаймын».
Осыған дейін Брюссельде өткен ЕО саммитінде Украина Президенті Владимир Зеленский Қытай Киевтің жеңісіне де, Мәскеудің жеңілісіне де мүдделі емес екенін айтқан болатын.
Журналистер Трамптан Ресейге қарсы санкциялар енгізу Путин тарапынан эскалацияға алып келмей ме деп сұрады.
«Мен олай ойламаймын. Ол бұл санкциялар аса үлкен әсер етпейді деп айтты. Ол солай дейді. Бірақ ол бұл мәселеде қателеседі деп ойлаймын. Көрерміз. Оның өзі де мұның аяқталғанын қалайды деп ойлаймын»,- деп жауап берді АҚШ Президенті.