Қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздік мұраты XX ғасырдың басындағы Алаш қозғалысы идеяларында өзінің саяси және рухани пішінін тапты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ал бұл идеялар кейіннен Қазақ Республикасының құрылуымен нақты мемлекеттік жүйеге айналды. Сол себепті Республика күні – тек саяси мереке емес, сонымен бірге Алаш арыстарының азаттық жолындағы күресінің тарихи жалғасы, олардың идеялық мұрасының өміршеңдігін айғақтайтын күн, деп жазды Қазақстан тарихы порталы.
Алаш идеясы – қазақ қоғамының саяси, мәдени және ұлттық жаңғыруының өзегіне айналған ұлт-азаттық концепция. Оның түпкі мақсаты– ұлттың өзін-өзі басқаруға қабілетті тәуелсіз мемлекет құруы еді. Бұл қазақ халқының мемлекеттік билікті өз қолына алуға бағытталған алғашқы ұжымдық әрекеттің бірі еді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлф, Халел және Жаһанша Досмұхамедұлы бастаған Алаш зиялылары Еуропалық ағартушылық және демократиялық принциптерге сүйене отырып, ұлттық мемлекеттіліктің саяси-құқықтық негіздерін жасады.
1917 жылы «Қазақ» газетінің №222 санында Минскте жүрген Ғалихан, Әбубәкір, Ажар, Хасен, Міржақып, Мырзағазы бастауымен мақала жарық көреді. Патша үкіметінің тозғанын, жаңа үкімет жайлы сөз өтеді. Ол мақалада «Минскі - Ғалихан һәм жолдастарынан басқармаға мынадай телеграмма келді. Россия халқы ескі үкіметті айдап, орнына депутаттардан жаңа үкімет сайлады. Россиядағы барша жұрттар еркіндік, теңдік, туысқандық жолына кірді. Жақын арада «Учередительное собрание» ашылып, Россия мемлекетін бағуға кіріседі. Тозған үкімет тартысуға жарамады, құлады. Бірақ ілгеріде де күрес болар, соның үшін жаңа үкіметке бірлік керек. Жаңа үкімет сыртқы дұшпанмен де, жығылған ішкі дұшпанмен де алысып жатыр. Соғыс желкесінде біздің бауырларымыз әскерге болысып жатыр. Алаш азаматынан біздің тілейтініміз: жаңа үкіметті жақтаушыларға бар күштеріңмен болысу; бұрынғы тыныш күйді бұзбау; азық-түлік істеріндегі уполномоченныйларды демеу; майданда һәм майдан сыртындағы жұмысшыларға керек май, ет, тары секілді азықтарды жиыстыру, запас жасауға ұйымдасу», – деп жазады. Әбубәкір Алдияр бастаған қазақ дәрігерлері азаттық алу, теңдік, құрдастық жолында саяси жаңа қырынан көрінеді. Ә.Алдияр, Е.Қасаболат, Ә.Байғурин елге қайта оралғаннан кейін қазақтың белсенді зиялыларымен бір жолда жүріп, ортақ идеяны қолдап, ниеттес болады.
1917 жылы 21-28 шілде аралығында Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан 20-дан астам қазақ өкілдерінің қатысуымен Орынбор қаласында Бірінші жалпықазақ съезі өтті. Съездің төрағасы: Халел Досмұхамедұлы, жолдас төрағалар: Ахмет Байтұрсынұлы, Әл-Мұхаммед Көтібарұлы, хатшылар: Міржақып Дулатұлы, Асылбек Сеиіт еді. Бірінші жалпықазақ съезінің күн тәртібіне сол тарихи кезендегі елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне қатысты төмендегідей 14 мәселе қойылды:
1. Мемлекеттік құрылыс. 2. Қазақ автономиясы. 3. Жер мәселесі. 4. Халық милициясы. 5. Земство. 6. Оқу мәселесі. 7. Сот мәселесі. 8. Дін мәселесі. 9. Әйел мәселесі. 10. Бүкілресейлік құрылтай жиналысы. 11. Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі. 12. Қазақ саяси партиясы. 13. Жетісу оқиғасы 14. Киевте өтетін Бүкілресейлік федералистер съезіне және Санкт-Петербургтегі оқу комиссиясына Қазақтан өкіл жіберу еді. 1917 жылы «Сарыарқа» газетінің № 9 санында Орынборда өткен жалпықазақ сиезінің қаулысы бойынша Учредителное собраниеге қазақтан сайланатын депутаттардан Әмудария бөлімінен Иса Қашқынбайдың түсетіндігін жариялайды. 1918 жылы «Сарыарқа» газетінің № 28 санында Жалпы қазақ–қырғыз сиезінің қаулысы жарияланады. Қаулы бойынша Алаш Орда үкіметінің мүшелерінің есімдері аталып, оған орынбасарлыққа дәрігерлерден И.Қашқынбай және Е.Қасаболат сайланғандығын жария етеді. Қазақ дәрігерлері сиез жұмыстарына белсенді араласып, азаттық жолында аянбай еңбек қылады. 1917 жылы желтоқсанда Орынборда өткен Екінші жалпықазақ съезінде «Алаш автономиясы» жариялау, «Алаш Орда» атты үкімет құру мәселелерін негізе алып, алаш қайраткерлері тәуелсіздік идеясын жаңғырта түседі.
Алаш қайраткерлерінің республика идеясы – халық билігі мен жауапкершілігіне негізделген басқару үлгісі. Бұл идея бүгінгі Қазақстан Республикасының Конституциялық жүйесінде өз көрінісін тапқан. Мәселен, 1995 жылғы Конституцияның 1-бабында «Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп бекітілген. Бұл қағидалар Алаш бағдарламасындағы адам еркіндігі, мемлекет негізі жайлы тұжырымымен мазмұндас.
1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны қабылдады. Бұл құжат Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке бастар жолындағы алғашқы құқықтық негіз болды. Сондықтан 25 қазан – Республика күні – қазіргі ұлттық мемлекеттіліктің бастау нүктесі, яғни Алаш ұстанған саяси еркіндік пен өзін-өзі басқару идеясының жаңғыру кезеңі саналады.
Алаш идеясы мен Республика күні арасындағы рухани сабақтастық төмендегі үш бағытта айқын көрінеді:
1.Мемлекеттік тәуелсіздік мұраты
Алаш қозғалысының түпкі мақсаты – ұлттық мемлекетті қалпына келтіру, қазақ халқының саяси егемендігін қамтамасыз ету болды. 1917 жылғы Екінші жалпықазақ съезінде жариялауды мақсат тұтқан Алаш автономиясы осы мұраттың алғашқы нақты қадамы еді. Алаш қайраткерлері «жер, тіл, дін, мәдениет – ұлттың өмір сүру тірегі» деп білді. Бұл принциптер кейін тәуелсіз Қазақстан Республикасының іргетасына айналды. Республика күні осы идеяның саяси тұрғыдан жүзеге асқан тарихи межесін білдіреді. 1990 жылғы Егемендік туралы декларация мен 1991 жылғы Тәуелсіздік актісі – Алаш ұстанған мемлекеттілік идеясын жаңа тарихи жағдайда заңдық және конституциялық деңгейде орнықтырды. Яғни Республика күні – Алаш арманының саяси жалғасы, олардың «еркін ел болу» идеалының қазіргі дәуірдегі шынайы көрінісі.
2. Ұлттық бірлік және азаматтық тұтастық
Алаш қайраткерлері ұлттың болашағын тек бірлік арқылы көреді. Олар XX ғасыр басындағы әлеуметтік, рулық, аймақтық жіктелудің қазақ қоғамын әлсіретіп тұрғанын түсінді және «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз!» ұранымен халықты ортақ мүддеге жұмылдыруға тырысты. Ұлттық тұтастық олардың саяси бағдарламасында да, публицистикалық еңбектерінде де негізгі идеялардың бірі болды. Қазіргі Қазақстан Республикасы – осы тұтастық қағидасының институционалдық жалғасы. Республика күнін мерекелеу тек саяси датаны еске алу емес, сонымен бірге қоғамның этностық, мәдени және азаматтық бірлігін нығайтудың символы. Мемлекеттік егемендіктің мәні – барша азаматтың ортақ жауапкершілігі мен ел болашағына қатыстылығында. Бұл тұрғыдан алғанда, Алаштың «ұлт мүддесін жеке бас мүддесінен жоғары қою» принципі бүгінгі азаматтық идеологиямен тікелей ұштасады.
3. Білім мен әділет үстемдігі
Алаш қозғалысының дүниетанымдық негізінде ағартушылық және құқықтық мемлекет идеялары ерекше орын алды. Ахмет Байтұрсынұлының «білімді жұрт болу – ел болудың шарты» деген ұстанымы, Әлихан Бөкейханның «қазақ жұрты білім мен ғылымға ұмтылмай, өз болашағын қорғай алмайды» деген мазмұндағы сөзі Алаш идеясының өркениеттік бағдарын айқындайды.
Бүгінгі Республика осы ұстанымды өз даму стратегиясының өзегіне айналдырды. Конституциялық мемлекет ретінде Қазақстан заң үстемдігін, әлеуметтік әділеттілікті және білім мен ғылымды ұлттық өркендеудің негізгі факторы деп таныды. Республика күні – осы құндылықтардың тарихи бастауы мен бүгінгі маңызын айшықтайтын рухани діңгек. Ол өткендегі ағартушылық мұрат пен қазіргі құқықтық-демократиялық қағидалардың тоғысын білдіреді.
Осы үш құндылық – тәуелсіздік, бірлік, білім мен әділет – Алаш мұрасын Республика идеясының мазмұнымен біріктіріп тұр. Біріншісі елдің саяси дербестігін қамтамасыз етсе, екіншісі қоғамның ішкі тұтастығын бекітеді, үшіншісі мемлекеттің тұрақты дамуы мен әділеттілігін қамтамасыз етеді. Демек, Республика күні – Алаш зиялыларының азаттық жолындағы рухани және саяси еңбегін жалғастыратын, сол мұраттардың қазіргі мемлекеттік саясаттағы көрінісі болып табылатын тарихи-идеялық көпір.