Logo
Іздеу
Айдарлар

Қазақстандық әйел күйеуін Украинада қаза тапқандар тізімінен тапты

/
Қазақстандық әйел күйеуін Украинада қаза тапқандар тізімінен тапты
Сурет: ашық дереккөзден

Әйелдің айтуынша, көктемде жұбайы Астанаға жұмыс істеуге кеткеннен кейін байланысқа шықпай қойған, деп хабарлайды Arasha.kz сайты  «Уральская неделя» басылымына сілтеме жасап.

15 қазанда украиналық «Хочу жить» жобасы Ресей жағында Украинадағы соғысқа қатысқан қазақстандықтардың тізімін жариялады. Сол тізімнен Орал қаласының тұрғыны өз күйеуін тапқан. 30 жастағы Алексей Сергеев «Хочу жить» тізімінде №191 болып көрсетілген.

Әйелдің айтуынша, олар өткен жылы үйленген. Алексей Сергеев үшін бұл екінші неке болған. Сегіз ай бұрын олардың қызы дүниеге келген, көп ұзамай ол Астанаға нәпақа табуға кеткен. Онда ол қарапайым жұмысшы болып істеген. Соңғы рет әйеліне 27 наурызда хабарласқан, содан кейін байланыс үзілген.

«Хочу жить» жобасының мәліметінше, Сергеев Ресей Қарулы күштерінің 103-атқыштар полкінде әскери қызмет атқарған. Украиналық Deep State сайтының дерегіне сәйкес, бұл бөлімше 2025 жылдың ақпанынан бері Торецк қаласы үшін шайқасып жатыр. Орал тұрғынының қаза болған күні ретінде 2025 жылдың 11 шілдесі көрсетілген.

Алайда әйелінің айтуынша, Алексей Сергеевтің Қазақстаннан шығуына ресми тыйым салынған.

«Оның шетелге шығуына тыйым бар еді. Ол Ресейге, одан әрі Украинаға қалай өтті?» — дейді әйел.

Қазір Надежда күйеуінің өлім туралы куәлігін алып, оның денесі қайда екенін анықтауға тырысып жатыр, кейін жерлеу рәсімін өткізуді көздеп отыр.

«Хочу жить» жобасы жариялаған тізімде Ресей жағында соғысып, қаза тапқан Қазақстан азаматтарының 270 есімі көрсетілген.