Қазақстан мен Марокко сотталғандарды өзара беру туралы келісімге қол қойды. Бұл құжаттың мақсаты – шетелде сотталған азаматтарға өз елінде жазасын өтеуге мүмкіндік жасау. Бұл жөнінде Ulysmedia.kz хабарлайды.
Отырыстан кейін журналистер Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтен Ақжарқын Тұрлыбай ісіне қатысты сұрақ қойды.
Шенеуніктің айтуынша, Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі Бас прокуратураның жіті бақылауында. Сонымен қатар, Нигерия азаматы Адинду Нонсо Фортунаға қатысты экстрадициялау жұмыстары жалғасып жатыр.
"Бұл іс пен өзге де істер біздің назарымызда. Біз бұл мәселені соңына дейін жеткіземіз. Қазір Интерпол іздеудегі азаматтың нақты орналасқан жерін анықтап жатыр. Ол белгілі болған соң, экстрадиция рәсімі басталады", – деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Ол сонымен бірге кейбір мемлекеттердің жауап беру мерзімі ұзаққа созылатынын айтып, мұндай жағдайда прокуратура дипломатиялық арналар арқылы еске салу хаттарын жолдайтынын атап өтті.
Мәселе жөнінде пікір білдірген Сенатор Геннадий Шиповских келіссөздердің оңай өтпей жатқанын, бірақ үміт бар екенін айтты.
"Ал Ақжарқын Тұрлыбай мәселесіне келсек, бұл тақырыпты бірқатар депутаттар үнемі көтеріп келеді. Менің білуімше, қазіргі уақытта еліміздің Бас прокуратурасы мен Сыртқы істер министрлігі осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Иә, келіссөздер оңай өтіп жатқан жоқ, себебі Қытайдың заңдары өте қатаң. Дегенмен, осыны ескере отырып, мәселе оң шешімін табады деп үміттенеміз. Тағы айта кетерлігі, әр елдің салты басқа, иті қара қасқа", – деді ол.
Анықтама: Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Қытайдың Гуанчжоу әуежайында ұсталып, есірткі тасымалдады деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Кейін ол жазасын Қазақстанда өтеуге өтініш білдірді. Қазіргі таңда бұл бағытта Бас прокуратура мен Сыртқы істер министрлігі жұмыс жүргізіп жатыр.