Reuters агенттігі алты дереккөзге сілтеме жасай отырып, америкалықтар Дамаскідегі әуе базасына әскери контингент орналастыруды жоспарлап отырғанын жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Базаның нақты орналасқан жері айтылмаған, алайда ол «Израиль мен Сирия арасындағы соғыспау пакті аясында демилитаризация аймағына айналуы күтіліп отырған Сирияның оңтүстік аудандарына кіреберісте» орналасқаны нақтыланды. Осылайша АҚШ екі ел арасында қауіпсіздік жөніндегі келісімге қол жеткізуді көздеп отыр.
Сирия қарулы күштеріндегі екі дереккөздің айтуынша, база «логистика, бақылау, жанармай құю және гуманитарлық миссиялар» үшін пайдаланылатын болады. Спикерлердің мәліметінше, нысанға толық бақылау Сирия тарапында қалады. Тағы бір дереккөздің хабарлауынша, соңғы екі айда Пентагон Дамаскідегі әуе базасында бірнеше барлау миссиясын жүргізіп үлгерген.
Сирия Қорғаныс министрлігінің өкілі АҚШ өкілдері C-130 әскери-транспорт ұшағымен базаға ұшып келгенін және ұшу-қону жолағының пайдалануға жарамдылығына көз жеткізгенін айтты.
Reuters атап өткендей, бұған дейін АҚШ Сириядағы әскери қатысу туралы ешқандай ресми мәлімдеме жасамаған. Ал дүйсенбі күні Вашингтонда Трамп пен Сирия басшысы Ахмед Аш-Шарааның кездесуі жоспарланып отыр.