Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей басшысы Владимир Путин жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық туралы декларацияға қол қояды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Қазақстан мен Ресей шын мәнінде үлгілі мемлекетаралық қатынастар орнатты. Соңғы отыз жылдан астам уақыт бойы біз көпқырлы ынтымақтастығымызды екі халықтың игілігі үшін табанды түрде дамытып келеміз. Владимир Путинмен алдағы келіссөздеріміз бұл байланыстарды жаңа мазмұнмен толықтыру тұрғысынан ерекше маңызға ие. Мәскеуге жасайтын сапарымның кең күн тәртібіндегі басты тармақ – Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көтеру жөніндегі Декларацияға қол қою болмақ», – деп жазды Тоқаев сейсенбі күні «Российская газета» басылымындағы мақаласында.
Оның айтуынша, бұл құжат екі ел арасындағы өзара сенімнің бұрын-соңды болмаған деңгейін айқындап, ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашады және барлық бағыт бойынша тығыз жұмыс істеуге дайындықты көрсетеді.
«Ресей Федерациясы еліміздің үш ірі сыртқы сауда серіктесінің бірі. Өз кезегінде Қазақстан да Ресейдің негізгі бес сауда әріптесінің қатарына кіреді. Екіжақты тауар айналымы тұрақты өсіп, 30 млрд долларға жуықтап қалды. Инвестициялық ынтымақтастық та қарқынды дамуда. Ресейлік инвесторлар еліміздің экономикасына қаржы салу бойынша көшбасшылар қатарында. Бұл – Қазақстанның жоғары инвестициялық тартымдылығын, іскерлік байланыстардың беріктігін және мемлекеттер арасындағы өзара сенімді білдіреді», – деп жазды Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік кооперациясының негізін жалпы құны 50 млрд доллардан асатын 170-тен астам бірлескен жоба құрайды.
«Жалпы, Қазақстанда ресейлік капитал қатысатын 20 мыңнан астам компания табысты жұмыс істейді. Бұл жай ғана статистика емес — өзара тиімді серіктестіктің нақты нәтижесі. Соның арқасында жаңа өндірістер ашылып, ондаған мың жұмыс орны құрылып, озық технологиялар трансферті жүзеге асып, аймақтар мен халықтар арасындағы байланыстар нығаюда», – деді Тоқаев.
Энергетика саласы да екі ел ынтымақтастығында ерекше орын алады.
«Біз бірлескен күш-жігермен Ресейдің энергоресурстарын Қытай мен Орталық Азия елдеріне үздіксіз транзитін қамтамасыз етіп отырмыз. Ірі энергетикалық нысандарды салу және жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бағыттағы басты жоба – “Росатом” жетекшілік ететін халықаралық консорциумның қатысуымен Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу. Бұл АЭС елімізге уран өндіруден бастап электр энергиясын өндіруге дейінгі ядролық отын циклін толық аяқтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба жаңа технологияларды көшіру, мамандар даярлау, жаңа жұмыс орындарын ашу және машина жасау мен аспап жасау сияқты салаларды дамытуға жол ашады», – деп мәлімдеді Президент.
Тоқаев көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты стратегиялық маңызды бағыттардың бірі деп атады.
«Қазақстан аумағымен Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының шамамен 85 пайызын қамтамасыз ететін 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді — оның бесеуі теміржол және сегізі автожол бағыты. Қазақстан мен Ресейдің аумақтық көлемі мен географиялық орналасуын ескерсек, транзиттік бағыттарды әрі қарай дамыту және тиісті инфрақұрылымды жетілдіру бүкіл Еуразияның көлік байланысын нығайту үшін аса маңызды. Осы мақсатта екі ел “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автокөлік дәлізінің өткізу қабілетін арттыру және Қазақстан мен Ресей шекарасындағы 30 автомобиль өткізу бекетін жаңғырту жұмыстарын жүргізуде», – деді ол.
Президенттің айтуынша, екі ел «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінің шығыс тармағын кеңейту бағытында да күш біріктіріп отыр. Қазірдің өзінде бұл бағыттағы жүк тасымалы айтарлықтай артқан. Бұл тұрғыда Ресей – Қазақстан – Түркіменстан – Иран теміржолы маңызды рөл атқарады. Осы бағыттың өткізу қабілетін алдағы бес жылда жылына 20 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделген жол картасы қабылданды.
«Аталған бағыттар біздің ынтымақтастығымыздың маңызды бөлігі болғанымен, Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара іс-қимыл ауқымы бұлармен шектелмейді. Екі ел үкіметтері алдына жаңа, ең алдымен жоғары технологиялық салаларды дамыту міндеті қойылған. Бұл салалар болашақ экономикасының келбетін айқындайтын басты фактор болмақ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.