Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Марат Ғатаұллаұлы Ирменов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Ол бұған дейін ҰҚК төрағасының орынбасары қызметін атқарған, деп жазады Arasha.kz.
2026 жылғы 16 қарашада Ақорда Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі кадрлық өзгерістер туралы хабарлады. Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермек Сағымбаев қызметінен босатылып, оның орнына Марат Ирменов тағайындалды.
"Марат Ғатаұллаұлы Ирменов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы болып тағайындалсын, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылсын", – делінген Президенттің №1566 Жарлығында.
Марат Ирменов кім?
Марат Ғатаұллаұлы Ирменов – Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік органдарында ұзақ жыл қызмет атқарған, ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры. Ол бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық департаменттерін басқарып, кейін ведомство төрағасының орынбасары лауазымына дейін көтерілген.
Марат Ирменов үш жоғары оқу орнында білім алған. 1993 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған. Ашық деректерде оның осы оқу орнында агрономия мамандығы бойынша білім алғаны айтылады.
Кейін кәсіби бағытын өзгертіп, ұлттық қауіпсіздік саласына бет бұрған. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің институтын аяқтады. Ал 2000 жылы Халықаралық құқық және нарық академиясын тәмамдаған.
Ұлттық қауіпсіздік органдарындағы еңбек жолы
ҰҚК-нің ресми сайтында жарияланған өмірбаянға сәйкес, Марат Ирменов 1996 жылдан бастап ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет еткен.
1996-2000 жылдары ведомствоның жедел қызмет бағытындағы лауазымдарында жұмыс істеді.
Ал 2000 жылдан 2025 жылға дейін ұлттық қауіпсіздік органдарында түрлі басшылық қызметтер атқарған.
Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, Марат Ирменов 2016 жылға дейін ҰҚК-нің Алматы қаласы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары болған.
2016 жылдың шілдесінде Ақтөбе облысы бойынша ҰҚК департаментінің бастығы болып тағайындалды. Ол бұл қызметті 2020 жылға дейін атқарды.
Ал 2020 жылдың ақпанында ол Жамбыл облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы қызметіне тағайындалды.
2022 жылғы 13 қаңтарда Марат Ирменов Алматы қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы болып тағайындалды. Ирменов Алматыдағы департаментті 2025 жылдың күзіне дейін басқарды.
2025 жылдың қазан айында Марат Ирменов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл лауазымда ол бір жылдан астам уақыт еңбек етті.
Ал 2026 жылғы 16 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми өмірбаянына сәйкес, Марат Ирменов 2019 жылы Президент Жарлығымен ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнайы атағын алған. Ол II дәрежелі "Даңқ" орденімен марапатталған.
Сондай-ақ мемлекеттік, ведомстволық және мерейтойлық медальдарға ие. Марат Ирменовке "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері" мәртебесі де берілген.