Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтан брифинг кезінде журналистер патологоанатом маманының 120 мың теңге жалақы алатыны туралы жазбаны түсіндіруді сұрады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Вице-министр Тимур Мұратов бұл жағдайға қатысты өз ойын ашық айтты.
"Шынымды айтсам, дәрігерлерге тым аз төлейміз деп есептеймін. Жалпы алғанда, медицина – әлемнің барлық елінде жоғары жалақы төленетін сала. Бірақ еліміздің қазіргі экономикалық жағдайын да ескеруіміз керек. Өкінішке қарай, әзірге бұдан артық мүмкіндік жоқ. Егер нақты мәлімет берілсе, мен бұл жағдайды жеке қарап, тексеремін. Жалпы алғанда, дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 400 мың теңге, ал патологоанатом да дәрігер болғандықтан, оның да табысы осы шамада болуы тиіс", – деді Мұратов.
Сонымен қатар ол ауруханалар мен емханалардың қосымша табыс табуға мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
"Мысалы, кейбір қызметтер ақылы түрде көрсетіледі – бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) кірмейтін қызметтер. Мәселен, босанатын әйел өзіне дәрігерді немесе акушерді арнайы таңдауы мүмкін. Мұндай жағдайда түскен қаражат ауруханаға қалмайды, ол қызметкерлерге сыйақы немесе үстемақы ретінде бөлінеді", – деп түсіндірді ол.
Вице-министрдің айтуынша, жоғары жалақы көбіне азаматтардың міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне төлейтін жарна көлеміне байланысты.
"Мысалы, Оңтүстік Корея сияқты елдерде жұмыс берушілер мен азаматтардың жарнасы жоғары, сол себепті дәрігерлердің жалақысы да айтарлықтай жоғары. Барлығы тікелей МӘМС жүйесіне байланысты", – деп түйіндеді Мұратов.
Айта кетсек, бұған дейін Threads желісінде жедел жәрдем қызметкері де жазба қалдырып, 10 жылдық еңбек өтілі бар маман ретінде айына 170 мың теңге алатынын жазған болатын.